Фото: Қорғаныс министрлігі


Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, генерал-майор Асқар Мұстабеков Астанада әскерге шақырылушыларды іріктеу процесін және оларға жасалған жағдайды тексерді, деп хабарлайды KAZINFORM.

Әскерге шақыру науқанының қызған шағында өткен тексеріс барысында елордалық жинау пунктіндегі жұмыс барысы қаралды. Негізгі назар цифрлық шешімдерге аударылды.

Атап айтқанда, «Smart-военкомат» және «e-Медосмотр» жобалары рәсімдерді жеделдетуге, адам факторын азайтуға және шақыру процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні айтылды.

Қорғаныс істері жөніндегі департамент, әкімдік және ардагерлік ұйымдар өкілдерінің қатысуымен әскерді жасақтау және құрылымдардың өзара іс-қимылы мәселелері талқыланды. Бұл тәсіл әрбір шақырылушы үшін жүйелі әрі нақты ұйымдастырылған процесті қамтамасыз етеді.

Тексеру барысында шақырылушылардың өздеріне де ерекше назар аударылды. Ашық әңгіме кезінде генерал-майор олардың көңіл-күйі, тұрмыс жағдайы және қызметке дайындығы туралы сұрады.

Сондай-ақ жастарға «Срочник 2.0» бағдарламасының мүмкіндіктері таныстырылып, оның әскери қызметтен кейін еліміздің жетекші жоғары оқу орындарына түсуге жол ашатыны түсіндірілді.

– Тоғызыншы сыныптан кейін әскери колледжге түскім келді, бірақ мүмкіндік болмады. Университетті бітірген соң әскерге баруға нақты шешім қабылдадым. Қазір медициналық тексеруден өтіп, құжаттарымды жинап жүрмін, – деді әскерге шақырылушы Альтаир Сәкен.

Тексеру барысында орналастыру жағдайы, тамақтандырудың ұйымдастырылуы және медициналық комиссияның жұмысы да бағаланды. Кабинеттердің жабдықталуы мен тексерістердің сапасына ерекше назар аударылды.

– Астананың жинау пунктіндегі барлық процестер қажетті деңгейде ұйымдастырылған. Мұнда ашықтықты қамтамасыз ететін және шақыру науқанының тиімділігін арттыратын заманауи цифрлық шешімдер қолданылып жатыр. Шақырылушылар үшін барлық жағдай жасалған, – деп қорытындылады Асқар Мұстабеков.

Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдерімен өткен кездесуде генерал-майор шақырылушыларға моральдық қолдау көрсетудің маңызын атап өтті.

Оның айтуынша, ардагерлердің қатысуы және күштік құрылымдармен өзара іс-қимыл жастардың әскери қызметтің алғашқы кезеңіне сенімді бейімделуіне және оның маңызын түсінуіне ықпал етеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!