Мемлекет басшысы әскери қызметшілерді запасқа шығару және әскерге шақыру туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.
Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2022 жылдың наурыз – маусымында және қыркүйек – желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» 2005 жылғы 7 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына және «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» 2012 жылғы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілер 2022 жылдың наурыз – маусымында және қыркүйек – желтоқсанында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі қатарынан запасқа шығарылсын.
2. Әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға құқығы жоқ он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі ер азаматтар 2022 жылдың наурыз – маусымында және қыркүйек – желтоқсанында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметіне мерзімді әскери қызметке шақырылсын.
3. Жергілікті атқарушы органдар тиісті жергілікті әскери басқару органдары арқылы 2022 жылдың наурыз – маусымында және қыркүйек – желтоқсанында азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды жүргізуді ұйымдастырсын және қамтамасыз етсін.
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі мерзімді әскери қызметті өткеру үшін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметіне әскерге шақырылған Қазақстан Республикасының азаматтарын жөнелтуді және мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімдерін өткерген әскери қызметшілерді шығаруды қаржылай және материалдық қамтамасыз етуді ұйымдастырсын.
5. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев
Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2022 жылғы 4 наурыз № 827
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!