Шешенстан билігі Рамзан Қадыровтың тапсырмасымен Баку–Грозный бағыты бойынша ұшып бара жатқан AZAL әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырағаннан кейін зардап шеккен және қаза тапқандардың отбасыларына қаржылай және басқа да көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеген болатын. Алайда Әзербайжан ешқандай көмекті қажет етпейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Бұл туралы Әзербайжан президенті әкімшілігінің Day.Az агенттігіне берген мәлімдемесінде айтылды.
«Әзербайжан ешқандай көмекті қажет етпейді. Мемлекет те, азаматтар да бұл көмекті қабылдамайды. Біз өз азаматтарымызға қажетті көмекті көрсетіп келеміз және көрсетуді жалғастырамыз. Әзербайжан оқиғаның мойындалуын, кешірім сұрауды және тиісті өтемақы төлеуді талап етеді», – деп хабарлады Әзербайжан президенті әкімшілігіндегі дереккөз.
2024 жылғы 25 желтоқсанда AZAL әуе компаниясының Embraer 190 ұшағы Баку–Грозный бағытында ұшып бара жатып, Ақтау әуежайынан 3 шақырым жерде апатқа ұшырады.
Ұшақ бортында 67 адам болды. Оның 62-сі жолаушы және 5 экипаж мүшесі.
Апаттан кейін ауруханаға 27 адам жеткізілді. Олардың ішінде:
- 15 адам – Әзербайжан Республикасының азаматтары;
- 8 адам – Ресей Федерациясының азаматтары;
- 3 адам – Қырғыз Республикасының азаматтары.
Бір адамның жеке басы әлі анықталған жоқ.
Экипаждың екі пилоты және бір бортсерік қаза тапты, екі экипаж мүшесі тірі қалды.
26 желтоқсанда Әзербайжанға 14 зардап шегуші мен төрт қаза тапқан адамның денесі Әзербайжанға жеткізілді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!