Нұрәли Шайқысұлтанұлы – елімізде алғаш рет африкалық тары егуді қолға алған ғалым. Оның бұл жобасы аймақтағы мал шаруашылығының маңызды мәселесін шешуге бағытталған.
− Ғылымға деген қызығушылығыңыз қалай басталды? Алғаш рет өзіңіз түбегейлі зерттеген тақырып қандай?
− Ғылым саласына қызығушылығым студент кезімде басталған. Студенттерге арналған ғылыми конференцияға қатысып, «Шөп тайлағыштардың кинематикалық көрсеткіштерін арттыру» тақырыбында баяндама жасап I орын алғанмын. 2010 жылы магистратураға, 2012 жылы докторантураға түсіп, университетіміздің профессор-оқытушыларының жетекшілігімен түрлі тақырыптарда ғылыми жобалар жазып жүрдік. Докторлық диссертациям бойынша Арал өңірінің күріш ауыспалы егістерін әртараптандыру мақсатында африкалық тарыны өсіру жөнінде зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Бұл менің түбегейлі зерттеген тақырыбым болды. Қазіргі жайылымдық жерлердің деградацияға ұшырауы отарлы мал шаруашылығын дамытуға кедергі келтіріп отыр. Нәтижесінде мал шаруашылығы елді мекендер маңына топтастырылып, мал азығы бойынша мәселелер туындауда. Аталған жағдай мал шаруашылығы өнімдерінің шамадан тыс қымбаттауына әкелуде. Сол себепті тұрақты мал кешендерінде сүт өндірісіне бағытталған фермаларды және бордақылау алаңдарын арзан мал азығымен қамтамасыз ету қажет. Ол үшін егіншілік жем-шөп өндірісін қалпына келтіру маңызды. Бұл мәселенің шешімі − бидай, күріш секілді дәстүрлі дақылдар көлемін азайтып, орнына малазықтық дақылдар егу. Аса күтімді қажет етпейтін дәстүрлі емес дақылдарды орналастыру да көп пайдасын береді. Осы мақсатта дәстүрлі емес дақыл ретінде африкалық тары дақылын ұсынғанбыз.
− Бүгінде ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру жолын қарастырудасыз. Бұл мақсатта қолданылатын агротехникалық шаралар қандай?
− Ең негізгісі тұқым себу мерзімі саналады. Дақылдың биологиялық ерекшеліктеріне байланысты және өсіру аймағының ауа-райы жағдайына қарай тұқым себу мерзімі әртүрлі болып келеді. Біз зерттеу жүргізген Қызылорда облысының орта ауыл шаруашылық аймағында жоңышқа және ерте астық дақылдар наурыз айының екінші онкүндігінде егіледі. Екінші топ астық дақылдары жүгері, күріш, тары мамыр айында, ал жылу сүйгіш бақша дақылдары мамыр айының екінші жартысында егіледі. Бұл − өсімдіктің топырақ температурасына қоятын талабы. Африкалық тары өсімдігі жылу сүйгіш дақыл болғандықтан, оны зерттеушілер жылытылған топыраққа себуді ұсынады. Біздің зерттеулерімізде мамыр айының үшінші онкүндігінде, 20 мамыр және 30 мамыр күндері егіп бастадық, яғни кеш көктемгі егіс. Ерте астық дақылдар (арпа, бидай, сұлы) жиналған соң шілде айының екінші жартысында африкалық тарының жазғы егісі де зерттелді. Барлық дақыл секілді африкалық тары да өзінің өніп-өсу дәуірінде даму сатысының бірнеше кезеңінен өтеді. Әр кезеңнің тұсында африкалық тары өсімдігі қоршаған ортаның факторларына өзгеше талап қояды. Бұл әсіресе, дақылдың тұқым себу мерзімі әртүрлі болғанда жақсы байқалады. Әрине, тұқым себу мерзімі бойынша топырақ температурасы мен ылғалдылығында айырмашылық болған соң өсімдіктің барлық көрсеткіштерінен де өзгешелік байқауға болады.
− Қолға алған жобаларыңыздың қатарында Арал өңірінде африкалық тарыны экологиялық түрде сынау тақырыбы да бар. Бұл бастаманың ғылыми жаңалығы қандай болды?
− «Қазақстандық Арал өңірінде шетелдік селекцияның африкалық тарысының перспективалы сорт үлгілерін экологиялық сынау» тақырыбындағы ғылыми-зерттеу жұмысына жетекшілік жасап, республикалық «Жас ғалым» гранттық қаржыландыру конкурсының негізінде 49 млн теңгеден астам қаржыны құрайтын грант ұтып алдық.Бұл зерттеу жобасының ғылыми жаңалығы деп африкалық тары дақылының тұқым себу мерзімі мен тұқым себу мөлшері, қорек және су режимдерін айтуға болады. Себебі бұл зерттеулер дақылдың минералды тыңайтқыш мөлшері мен суару нормасын нақтылауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда осы мәселелерді басты назарға ала отырып, африкалық тарының перспективалы сорт үлгілерін экологиялық сынау жұмыстары жүргізілуде.
− Жалпы осы салада сізді ерекше таңқалдырған жаңалықтар бар ма? Көпшілік біле бермейтін ғылыми ақпараттармен бөліссеңіз…
−Африкалық тары − Африка мен Азияның көптеген елінде ертеден өсіріп келе жатқан дәнді дақыл. Осы зерттеулерді жүргізу кезінде африкалық тары жармасын кондитерлік және диетикалық тағамдар дайындауда пайдаланатыны таң қалдырған жаңалық болды. Сонымен қатар нанның дәмі мен түсін жақсарту үшін қара бидай ұнына африкалық тарының ұнын қосуға болады екен. Ал оны әзірге тек малазықтық дақыл ретінде өсірудеміз.
− Ғылымды түбегейлі тауысу мүмкін емес. Сондықтан адам баласы білім жолындағы сапарын әлі де жалғастыруда. Бұл бағытта сіз қалай ізденесіз? Уақытты басқара аласыз ба?
− Иә, дұрыс айтасыз, ғылым − үлкен шыдамдылықты талап ететін жол. Сол себепті ең алдымен әр адам өзінің мақсатын айқындап алса, сол мақсатқа жету үшін нақты жоспар құрып, аталған бағытта жұмыс жасаса уақытты басқаруға болады деп ойлаймын.
− Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен Гүлдана Жұмадин
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!