Қазақстан үкіметі инфляция деңгейі тұрақтанғанға дейін АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасын көтеруге мораторий енгізді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Бұл шешім Мемлекет басшысының азаматтар мүддесі үшін экономикалық реформалар бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес қабылданды. Премьер-министрдің төрағалығымен өткен кеңесте Үкімет мүшелері, мемлекеттік органдар мен ұйымдар басшылары өзара талқылаулар жүргізді.

Қабылданған шешімдерге сәйкес, энергетика министрлігі, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі және өңір әкімдіктері бірлесіп ішкі нарықты жанармаймен үздіксіз қамтамасыз етуге және тиісті қадағалау жүргізуге міндеттелді.

Коммуналдық қызмет тарифтері де 16 қазаннан бастап 2026 жылдың І тоқсанының соңына дейін өспейтін болды.

Үкіметтің бұл шаралары халықты қолдау және экономикалық тұрақтылықты сақтау мақсатында қабылданғаны хабарланды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!