2025 жылы 13 наурызда екі күнге жалғасатын Ұлттық құрылтайға қатысушылар ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын өзекті мәселелерді талқыға салады. Іс-шараның бірінші күнінде қарастырылған тақырыптар ішінде «Мәдениет. Өнер. Руханият» секциясы да бар, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл талқылау алаңында құрылтай мүшелері идеология ісіне қатысты пікірлерін ортаға салды.  Атап айтсақ, отбасы құндылықтарын нығайту, қазақша контентті дамытып, тіліміздің қолдану аясын кеңейту, елдегі тарихи-мәдени нысандарды қорғау, өңірлердегі қаламгерлердің шығармашылығын насихаттау және баспа ісін жүйелеу туралы келелі ұсыныстар айтылды. Отырыс соңында Мәдениет және ақпарат министрі журналистердің Ұлттық құрылтайдың жұмысына қатысты сұрақтарына жауап берді. Оның айтуынша, құрылтайдың 100-ден астам мүшесі түрлі талқылауларға қатысып, күннің бірінші жартысында әлеуметтік-экономикалық дамудан бастап өскелең ұрпақты тәрбиелеуге дейінгі көптеген мәселелерді қозғайтын 120-дан астам ұсыныс енгізілген.

«Енгізілген ұсыныстар қоғамның әртүрлі салаларының дамуына тікелей әсер ететін көптеген мәселелерді қамтиды. Бұл – білім, ғылым, әлеуметтік мәселелер, сондай-ақ дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қолдау мәселелері», – деді Балаева.

Министр құрылтай мүшелері арасында белсенді пікір-таластар мен көзқарастардың әртүрлілігінің маңыздылығын атап өтті, оның пікірінше, бұл көптеген проблемалық жайттарды шешуге көмектеседі. Атап айтқанда, өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі отбасының рөлі мәселесі көтерілді және құрылтайдың барлық дерлік мүшелері дәстүрлі отбасылық құндылықтарды белсенді насихаттау қажеттілігін қолдады.

Әлеуметтік бастамалар мен азаматтық қоғамды дамытуға, сондай-ақ ҚҚС мөлшерлемесін арттыру сияқты экономикалық шаралар әсері, кітап шығару мен кинематографияны өркендетуге ықпал ететін мәселелерге ерекше назар аударылды.

«Әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері өзекті болып қала береді және барлық ұсыныс мұқият талданып, олардың іске асыру үшін тиісті мемлекеттік органдарға берілетініне сенімдімін», — деп атап өтті ведомство басшысы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!