Биыл жыл басынан бері көпбалалы отбасылар мен наградталған аналар 354 млрд теңгеден аса жәрдемақы алған. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Көпбалалы отбасыға берілетін мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.

Төлем мөлшері бала санына қарай есептеледі. 2025 жылы мынадай:

  • 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 63 030 теңге;
  • 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 78 798 теңге;
  • 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 94 565 теңге;
  • 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 110 332 теңге;
  • 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе  15 728 теңге.

Наградталған аналарға берілетін жәрдемақы «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға тағайындалады.

Наградталған анаға жәрдемақы ай сайын мына мөлшерде төленеді:

  • «Күміс алқа» алқасымен наградталған аналарға – 6,40 АЕК немесе 25 165 теңге;
  • «Алтын алқа» алқасымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға – 7,40 АЕК немесе 29 097 теңге.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!