Петропавлда әйнек аялдаманы шаққан 21 жастағы жігіт анықталып, 5 тәулікке қамауға алынды.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 10 қазан күні кешке біреу Петропавлдағы Жуков көшесіндегі әйнек аялдаманы қиратқан. Сол жерден өтіп бара жатқан жүргіншілердің бірі шуды естіген, қираған аялдаманы көре сала, бірден «102» нөміріне хабарласқан. Нәтижесінде бұзақы көп ұзамай қолға түсті.
Қала тұрғынының полицияға уақтылы жүгінуі құқық бұзушыны іздеп табуға септігін тигізді. Учаскелік полиция инспекторы 21 жастағы петропавлдықты анықтап, жауапқа тартты. Ол бұл әрекетке баруын сол кезде алкогольдік мас күйде болғанымен түсіндірді.
Бұзақыға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы «Ұсақ бұзақылық» бойынша материал жиналды. 12 қазан күні сот шешімімен жігіт 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Келтірілген шығынды өтеу туралы талап арыз беру үшін сот қаулысы Петропавл қалалық әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне тапсырылды.
«Бұдан бөлек, сот бұзақының жүріс-тұрысына 3 ай мерзімге ерекше талап шығарды. Бұл кезеңде оған алкоголь ішуге тыйым салынады. Талаптың орындалуын бақылау учаскелік инспекторға жүктеледі. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабы 2-б. бойынша ерекше талаптарды бұзғаны үшін 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе 7 тәулікке қамауға алу жазасы көзделген», – дейді Петропавл қалалық ПБ бірінші полиция бөлімінің бастығы Тілеген Әлжанов.
Жалпы жыл басынан Петропавл полицейлері ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 303 адамды жауапқа тартты.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!