Апелляциялық сот мүгедектігі бар ер адамды 10 жыл бойы қинап, Қарағандының орталығындағы аялдамада қайыр сұрауға мәжбүрлегендердің ісін қайта қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Биыл мамыр айындa сот төрт айыпталушыны ер адам мен оның қасындaғы әйелді қайыр сұрауға мәжбүрлеу, сондай-ақ қылмыстық топ құру және оған қатысу бойынша кінәлі деп таныды.
Сөйтіп негізгі қылмыскер 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның сыбайластарына 12 жылдан жаза тағайындалды. Үш айыпталушының кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты жазасы жеңілдетілді. Ал істің басты фигуранты үшін қылмыстың қайта жасалуы – ауырлататын мән-жай болып есептелді.
Қарағанды облыстық сотының апелляциялық алқасы бұл даулы істі қайта қарап, “Қылмыстық топ құру және оған қатысу” бабы бойынша сотталған төрт адамның бәрін ақтады. Айтуынша, дәлелдер жеткіліксіз екен.
Нәтижесінде істің негізгі қылмыскердің жазасы 17 жылдан 11 жылға дейін қысқартылды. Қалған үш сотталушының да жазасы жеңілдетіліп, әрқайсысына 12 жылдың орнына 6 жылдан тағайындалды.
“Тергеу топтың нақты құрылымы мен рөлдердің бөлінгенін дәлелдей алмаған, ал бұл – ұйымдасқан қылмыстық топтың негізгі белгілері. Сондай-ақ баланы күшпен тартып алу фактісі де расталмаған, апелляциялық соттың анықтауынша, жаңа туған нәресте өз еркімен берілген. Сондықтан сот қылмыстық кодекстің 262-бабы құрамын жоқ деп тапты”, – деп мәлімдеді сот алқасының төрағасы Рашид Нұрмағамбетов.
Оның айтуынша, жәбірленушілерді қанау фактісі дәлелденді.
“Негізгі қылмыскер шынымен де ер адамды таңнан кешке дейін “45-квартал” аялдамасына шығып, қайыр сұрауға мәжбүрлеген және күн сайын барлық табысын тартып отырған. Кейін өзі қамауға алынғанда, ақшаны оның орнына істің басқа қатысушылары жинап отырған. Ал үш сыбайласының тарапынан зорлық-зомбылық қолдану дәлелденбеді. Жедел іс-шаралар жазбаларының өзінде қорқытулар тек негізгі айыпталушы тарапынан болғаны анықталды”, — деді судья Рашид Нұрмағамбетов.
Еске салайық, бұған дейін өз құрбандары арқылы жылына 10 миллион теңгеге дейін табыс тауып отырған қылмыскерлер жайлы жазған едік. 41 жастағы ер адам азаматтық некедегі жұбайымен бірге еңбек құлдығында болған. Әйелі «қожайынның» айтуымен күйеуін қала орталығындағы аялдамаға апарады. Ал ерадам күні бойы сол жерде отырып, өткен-кеткен адамдардан қайыр сұраған. Мүгедектігі бар ер адам осылайша күніне 20-40 мың теңгеге дейін табыс әкелген.
Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, қылмыскерлер жәбірленушіні қорқытып, ұрып-соғып күн сайын таңғы 08:00-ден кешкі 18:00-ге дейін қайыр сұрауға мәжбүрлеген. Ер адам жаңбыр, аптап ыстыққа қарамастан ол жыл бойы Қарағандыдағы «45-квартал» аялдамасында жерде отырып адамдардан қайыр сұраған. Ал жиналған ақшаны «қожайын» өз қалауынша жұмсаған.
Тергеу мәліметінше, қаскөйлер мүгедектігі бар ер адамды ұрып-соғып қана қоймай, ішімдікке үйреткен. 2020 жылдан бастап оның азаматтық некедегі әйелінен туған сәбиді де бопсалауға пайдаланған. Қылмыстық әрекетті ұйымдастырушы жаңа туған сәбиді тартып алып, өз туған қарындасына тәрбиелеуге берген. Бүлдіршін сол үйде 4 жасқа дейін өскен.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
