Қызылорда облысында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны – ел болашағын ойлайтын, Отанын шын сүйетін жас ұрпақты тәрбиелеудің маңызды алаңы.

Бұл – жасөспірімдерге әскери тәртіпті үйретіп қана қоймай, олардың бойында көшбасшылық, жауапкершілік, бірлік, төзімділік сынды қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған тағылымды жоба.

2025 жылы XI мәрте шымылдығын түрген жиынға Қызылорда қаласы мен барлық ауданнан 150-ден астам жас сарбаз қатысып, 8 түрлі әскери-қолданбалы спорт түрінен өзара бақ сынады. Сонымен қатар, зияткерлік сайыстар мен командалық тапсырмалар арқылы да білім мен ұйымшылдық деңгейлері бағаланды.

Жиын ҚР ҰҚК Шекара қызметінің оқу орталығы базасында өткізілді. Екі күн бойы жас сарбаздар жаттығулар мен сайыстарда өз шеберліктерін шыңдап, шынайы әскери өмірге бір қадам жақындай түсті.

Шараның жабылу салтанатында облыстық қоғамдық даму басқармасының өкілдері мен шекара қызметі басшылары қатысып, жастарға ел үмітін ақтайтын азамат болуға тілектестіктерін білдірді. Жиын аясында қоғамдық белсенділігімен танылған Сәбит Әбішке «Сыр жастарының генералы» лентасы табысталды.

Жарыс нәтижесінде үздік шыққан Қызылорда қаласының командасы республикалық деңгейдегі «Айбын» жиынына жолдама алып, өңір намысын қорғайтын «Сыр айбыны» құрамына таңдалды.

«Айбын» –  бұл тәрбие мен тағылымның тоғысқан тұғыры.

Жас сарбаздардың бойына сенім мен рух дарытып, елге қызмет етуге жігер сыйлайтын бұл жиынның маңызы жылдан-жылға артып келеді.

Бүгінгі «Айбындық» – ертеңгі ел қорғайтын азамат!

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!