Мемлекет басшысы суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру және суды нормативтен артық пайдаланғандарға жоғары тарифтер енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынған болатын. Осыған орай, Қызылордада ауыз сумен қамтамасыз ету және сарқынды суды бұру қызметтеріне 2025–2030 жылдарға арналған дифференциалды тариф бекітілді.

Тариф мамыр айынан бастап қолданысқа енгізілді. Аталған шаралар «Қызылорда су жүйесі» МКК-ның қызметі аясында жүзеге асып жатыр. Бұл туралы “Қызылорда су жүйесі” мемлекеттік кәсіпорынының басшысы Жасұлан Абатов баяндады.

Ауыз су және кәріз жүйелерінің тұрақты әрі сапалы жұмысын қамтамасыз ету мақсатында кәсіпорын өз қаражаты есебінен бірқатар жұмыстар атқарды. Атап айтқанда, ауыз су нысандарына, кәріз жүйесіне тиісті қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нақты нәтижелерге тоқталсақ. 340 метр су құбырына күрделі жөндеу жасалды, 39 дана тозығы жеткен ысырма мен кері клапан ауыстырылды, 57 насос қондырғысы мен 8 электрқозғалтқышқа күрделі жөндеу жүргізілді,тозған 287 дана шойын қақпақ, сондай-ақ 75 дана темірбетон жабынды жаңасымен алмастырылды, 45 арнайы техника мен автокөлікке жөндеу жұмыстары жасалды. Ауыз су жүйесінде орын алған 604, ал кәріз жүйесінде 1 184 ақау қалпына келтірілді. Ауыз су қызметі бойынша да нақты жұмыстар атқарылды. Жалпы 183,2 метр құбыр жөнделіп, 40 дана өрт сөндіру гидранты сатып алынды.
Кәсіпорын тарапынан қолға алынған бұл шаралар қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту және кәріз жүйесінің сенімді жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған. Дифференциалды тариф жүйесі ресурсты тиімді пайдалануға ынталандырып, су үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға сеп болмақ,- деді Жасұлан Уәлиұлы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!