SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) өкілі Қазақстанға 2025 жылғы бірнеше қайғылы оқиғадан кейін қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Елде 23 жасар фельдшердің қаза болуы мен Алгабас ауылында 12 адамның, оның ішінде 9 баланың өлімі халықаралық ұйымның назарын аударды.

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Instagram парақшасында бұл оқиғалардың халықаралық ұйым өкілдерін бейжай қалдырмағанын айтты.

Еуропалық бюро басшысы Ханс Клюге фельдшердің қызмет кезінде қаза болуына және балалардың өліміне байланысты көңіл айтуын жеткізді:

«Құрметті министр, Астанада жас медициналық қызметкердің адамдарды құтқару барысында қаза болғанына байланысты шын жүректен көңіл айтамын. Ал Алғабас ауылындағы өрттен 9 кішкентай баланы қоса, үлкен отбасының қаза болуы — үлкен трагедия», — деді ол.

ДДҰ Қазақстанға қажет болған жағдайда көмек көрсетуге әзір екенін жеткізді.

Айта кетейік, 8 қарашада Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртқы қасбеті мен кондиционері құлап, адамдар зардап шекті. Фельдшер құтқару жұмыстарында зардап шеккендерді шығаруға әрекет жасаған кезде басына кондиционер құлап, ауыр жарақат алды. Кейін ол қаза болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған фельдшерді «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.

Артынша, 18 қарашада Алғабас ауылындағы екі қабатты жеке үйде өрт шығып, 12 адам қаза тапты, олардың ішінде 9 бала бар. Үш адам ауруханаға жеткізілді. Президент Тоқаевтың тапсырмасымен өрт себебін анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды. Алдын ала деректер бойынша, өрт электр желісіндегі ақаудан туындаған болуы мүмкін.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!