Фото: Алматы облысы әкімдігі

Алматы облысында Республика күніне орай дрон-шоу ұйымдастырылды, деп жазады KAZINFORM.

Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, Қонаев қаласында Республика күніне орай алғаш рет ауқымды дрон-шоу өтті. Орталық алаңға жиналған 15 мыңға жуық адам аспанды жарық пен әуенге толтырған ерекше көріністі тамашалады.

Көкке көтерілген 550 дрон ел тарихын, бірлігін және рухын айшықтаған әсерлі көріністерді ұсынды. Шоудың ең шарықтау шегі — дрондар арқылы Әнұранының сөздері аспанда жарқырап жазылуы болды.

Дрон-шоу барысында аспанда еліміздің басты рәміздері мен бейнелері пайда болды: Қазақстан картасы, мемлекеттік ту, домбыра мен нота, «Алтын адам», барыс, алма және «25 қазан — Республика күні» деген жазу. Сондай-ақ «Заң мен тәртіп — Закон и порядок» деген композиция мен «Қонаев қаласы» деген жазуды бейнеледі.

Мерекелік кеш концертпен жалғасты. Сахнада Хансұлтан, Мөлдір Әуелбекова, Қуандық Рахым, Асылбек Енсепов, Esko, Ray, Нұрсұлтан Нұрбердиев, Il Canto квартеті және танымал әртістер өнер көрсетті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!