Алматы облысы, Жамбыл ауданында 10 жастағы мектеп оқушысы көрші үйдегі 7 жасар баланы зорлаған. Бірақ өз әрекеті үшін ешқандай жауапкершілікке тартылмапты. Жәбірленушінің ата-анасы қылмыстың жауапсыз қалғанына қапалы, деп хабарлайды Экспресс К

Оқиға Ұзынағаш ауылында болған. Жергілікті полицияға 47 жастағы тұрғын балам зорланды деп арыз жазыпты. Сексуалдық сипаттағы әрекетті көршісінің 10 жастағы ұлы жасаған. Ол 7 жасар баланы ойнаймыз деп алдап, ағаштардың арасына апарып, арам ойын іске асырған. Жәбірленушінің жан айқайын қоғам белсендісі Дина Таңсәрі көтерді. Ол өз жазбасында талай істің жабулы қазан күйінде қалып жатқанына тоқталады.

Медициналық сараптамадан өткізуге бағыттаған. Тексерістен кейін ешқандай жауап айта алмаған. Ата-ана амалсыз полициямен бірге практологқа келеді. Дәрігер зорлық-зомбылық белгілері болғанын растайды. Бірақ іс дәлелденсе де, бала жазасыз қалып отыр,

— дейді ол жазбасында.

Сондай-ақ, белсенді әлгі 10 жастағы баланың ата-анасына әкімшілік хаттама толтырылып, 20 АЕК, яғни, 60 мың теңге айыппұл ғана салғанын жазған. Ал жәбірленушінің қылмыс жасаған баланы арнайы интернатқа өткізу керек деген талабы қанағаттандырылмапты. Тіпті облыстық полиция да, прокуратура да қылмыстық іс қозғай алмаймыз, 11-ге толмаған баланы жауапкершілікке тартатын заң жоқ дегенмен шектелген.

Экспресс К бұл жағдайды нақтылау үшін облыстық полиция департаментіне хабарласты. Олар оқиғаны растады. Әрі жасөспірімге профилактикалық жұмыс жүргізу үшін тек есепке алынғанын айтты.

«Қылмыстық құқық бұзушылық жасалған сәтте кәмелеттік жасқа толмаған 2011 жылы туылған жасөспірім 10 жаста болған. Заңда корсетілгендей қылмыс субъектісі болып табылатын кәмелет жасына толмаған азаматтың жасы жауапкершілікке тартылатын жасқа жетпеуіне байланысты қылмыстық іс қозғалмай, іс-құжаттары ЮПТ-ның инспекторының қарауына тапсырылды», — делінген полиция ақпаратында.

Енді ұлының тағдырына алаңдаған 47 жастағы тұрғын әлгі зорлық көрсеткен бала сол арам пиғылын болашақта тағы да қайталамай ма деген үреймен өмір сүріп жатыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!