Іле ауданындағы «Еңбек-Құйған» теміржол өткелінде жүк пойызы мен «Аudi 100» көлігі соқтығысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол апаты 2 тамыз күні болған.
«Соқтығыс салдарынан көлік өртеніп, оның 40 жастағы жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты. Көлікте болған тағы үш ер адам түрлі дене жарақаттарымен орталық аудандық ауруханаға жеткізілді», – деп хабарлады полициядан.
Жол-көлік оқиғасы ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі «Абайсызда адам өліміне әкеп соққан көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша тергеліп жатыр.
Еске салсақ, Атырау облысында жүк пойызы мен жеңіл көлік соқтығысып, бір адам мерт болған еді. Сондай-ақ, Қостанайда жүк пойызы мен көлік соқтығысып, екі адам қаза тапты .
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!