фото: aikyn.kz
Алматы облысы Іле ауданының Күрті ауылдық округінде ел тарихына алтын әріптермен жазылатын тарихи оқиға болды. Ұлттық рухты жаңғырту, көшпелі мәдениетті дәріптеу, сондай-ақ туризм мен кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ұйымдастырылған «Әлемдегі ең үлкен түйе керуені – 2025» атты ауқымды мәдени шара әлемдік деңгейде рекорд орнатты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл бастама Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен және өңірдің ірі шаруашылықтарының бірі – «Даулет-Бекет» компаниясының жетекшілігімен жүзеге асты. Керуен құрамына 1 000 түйе енгізіліп, олар арнайы дайындалған 1 шақырымдық жолды жүріп өтті. Бұған дейінгі әлемдік рекорд 2022 жылы Қытайда тіркелген болатын. Ол кезде тек 365 түйе қатысқан еді. Осылайша, Қазақстан бұл жетістікті үш еседен астам арттырып, әлем назарын өзіне аударды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында: «Ұлттық мәдениетімізді сақтау мен дамыту – әрбір азаматтың парызы. Біз өз дәстүрімізді құрметтеп, жастарға жеткізуіміз керек», – деген болатын.
Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы бұл іс-шараның ел үшін маңызын ерекше атап өтті.
«Бұл – тек мәдени іс-шара ғана емес. Бүгінгі мың түйеден құралған керуен халқымыздың көшпелі өмір салтының айшықты мұрасын әлемге паш етіп, жаңа заманға үн қатқан тарихи оқиға. Бұл арқылы біз жастарға ата-бабамыздың ұлы мұрасын танытып, туризмді дамытамыз, аймақ экономикасына серпін береміз», – деді ол.
Іc-шара барысында ұлттық нақыштағы бес киіз үй тігіліп, қонақтарға дәстүрлі тағамдар ұсынылды. Арнайы фудкорт аймағы жұмыс істеп, шұбаттың дәмін тату мүмкіндігі жасалды. Сонымен қатар белгілі эстрада жұлдыздары мен өңір өнерпаздары қатысқан концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Керуеннің қауіпсіз әрі ұйымдасқан түрде өтуіне ерекше мән берілді. Патрульдік полиция қызметкерлері, өрт сөндіру техникасы, медициналық қызмет және ветеринарлық бақылау толық қамтамасыз етілді. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін турникеттер орнатылып, көрермендердің керуенге жақындауына шектеу қойылды.
Ауқымды іс-шараны республикалық БАҚ пен телеарналар тікелей эфир арқылы көрсетті. Туристік агенттіктермен бірлесе отырып, отандық және шетелдік туристердің қатысуы қамтамасыз етілді. Мыңдаған көрермен тарихи сәттің куәсі болды.
Бұл рекордқа бастамашы болған «Даулет-Бекет» шаруа қожалығы түйе шаруашылығы саласында аймақтық қана емес, халықаралық деңгейде де көш бастап келеді. Кәсіпорын 2011 жылы «Асылтұқымды мал өсіру шаруашылығы» мәртебесін иеленген.
2012 жылы Қарөткел жәрмеңкесінде «Алтын белгіге», 2013 жылы «Лидер отрасли» атағына ие болып, «Слава Казахстана» орденімен марапатталған. 2015 жылы Сочиде өткен аймақаралық форумда «Даулет-Бекет» шұбаты үздік өнім деп танылған.
2021 жылы кәсіпорын жеке инвестиция есебінен 1 миллиард теңге көлемінде жаңа сүт өңдеу зауытын іске қосып, Қытай мен Ресейге кептірілген түйе сүтін экспорттауды бастады. Бүгінде бұл шаруашылық ТМД елдері арасында шұбат өндіру бойынша көшбасшы болып саналады.
«Біздің мақсатымыз – түйе шаруашылығын дамыту арқылы ұлттық өнімдерді әлемдік нарыққа шығару. Бұл шара – Қазақстанның тек рекорд жаңартып қана қоймай, өз бренді мен мәдениетін танытудың үлкен қадамы», – деді шаруашылық басшысы Сыдық Даулетов өз сөзінде.
Гиннесс рекордын тіркеу процесі
Іс-шараға Англиядан арнайы келген Гиннесстің рекордтар кітабының өкілі Ричард Стэннинг қатысып, керуеннің әр қимылын қатаң бақылап отырды. Тарихи сәттен кейін ол былай деп пікір білдірді.
«Мен мұндай көлемдегі түйе керуенін бірінші рет көріп отырмын. Қазақстанның бұл жетістігі тек ұлттық мәдени мұра ғана емес, бүкіләлемдік қазына ретінде бағалануы тиіс», – деді ол.
Осылайша, Қазақстан ресми түрде «Әлемдегі ең үлкен түйе керуені» атағын иеленуге атсалысты деуге болады. Бұл – ел тарихында ғана емес, бүкіл түркі әлемінде тұңғыш рет тіркелген жетістік болады.
Бұл шара Алматы облысының туризм саласына жаңа дем бермек. Аймақтың табиғи байлығы мен мәдени мұрасын насихаттау арқылы ішкі және сыртқы туризмнің әлеуетін арттыру көзделіп отыр.
Әкім орынбасары Бақытнұр Бақытұлы бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасатынын атап өтті.
«Іле Алатауы мен Балқаш көлінің аралығында орналасқан біздің өңірде туризмді дамыту үшін зор мүмкіндік бар. Біз мәдени шараларды жиі өткізу арқылы туристерді тартуды көздейміз», – деді ол.
«Әлемдегі ең үлкен түйе керуені – 2025» іс-шарасы Қазақстанның ұлттық құндылықтарын дәріптеп қана қоймай, еліміздің мәдени және туристік брендіне айналуға жол ашты.
Бұл іс-шара көшпелі өркениеттің ұлы мұрасын жаңғыртып, ел тарихындағы жаңа парақты ашты. Алматы облысының ғана емес, бүкіл Қазақстанның абыройын асқақтатқан бұл рекорд келешек ұрпаққа мақтаныш ретінде қалатыны сөзсіз.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!