Алматыдағы «барахолка» базарынан шыққан өрт сөндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, оқиға орнында жеке құрамның 86 қызметкері, 25 техникасы мен қаланың өзара іс-қимылының бүкіл күш-құралдары жұмылдырылды.
Жалынды ауыздықтау үшін 3 учаске құрылды. Өрт ошағын анықтауға тепловизорлар қолданылды.
Отқа оранған қойманың бетон конструкцияларының құлау қаупі болғандықтан өрт сөндірушілер қауіпсіздік техникасын сақтауға ерекше назар аударды.
«Қабылданған жедел шаралардың арқасында күрделі өрт 1 сағат 9 минут ішінде сөндірілді. Қызыл жалын 1,5 мың шаршы метр аумақты шарпыды. Зардап шеккендер жоқ»,- деп хабарлады қалалық ТЖД баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, Алматының «барахолка» базары бүгін таңертеңнен бері өртеніп жатқанын хабарлаған болатынбыз.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!