Алматыда ең ұзын лағман дайындалып, рекорд орнатылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алматыда Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Жетісу ауданындағы №4 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде ерекше әрі ауқымды іс-шара өтті. Ұлттық тағамдарды дәріптеу және түрлі ұлт өкілдері арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында, Қазақстан аумағында «Ең ұзын лағман» дайындалып, жаңа рекорд орнатылды.

Аспаздар дайындаған рекордтық лағманның ұзындығы 1704 метр болды. Бұл көрсеткіш Қазақстан Рекордтар кітабына ресми түрде тіркелді. Жаңа рекордты орнатуға Жетісу ауданының тұрғындары мен этно- мәдени орталықтың өкілдері белсенді түрде атсалысты.


Аспаздар қамырды жыртып алмай дайындауы тиіс болды. Қиындықтарға қарамастан аспаздар оны өте жақсы дайындап шықты, — дейді Жетісу ауданы Аналар кеңесінің төрайымы Рахима Омарова.
.jpg)
19 келі ұннан қамыр иленіп, 50-ден астам қатысушы – аспаздар мен аудан тұрғындарының күшімен тағам екі сағаттың ішінде дайындалды. Бұл бастама ұлттық құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, халықтың бірлігін, ынтымағы мен татулығын бейнелейді. Лағман – көптеген ұлт өкілдері сүйіп тұтынатын тағамдардың бірі, сондықтан бұл шара көпұлтты Қазақстан халқы үшін маңызды символға айналды.

Ұйымдастырушылар іс-шара барысында ұлттық ас мәзірінің дайындалуын көрсете отырып, бір шаңырақ астындағы бірліктің, татулықтың және өзара түсіністіктің үлгісін ұсынды. Түрлі этнос өкілдерінің қатысуымен өткен тағам дайындау процесі халқымыздың ортақ құндылықтары мен дәстүрге деген құрметінің айқын көрінісі болды.

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!