Алматыда қала әкімі қаулысымен жергілікті атқарушы органдардың жұмыс режиміне өзгерістер енгізіледі, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Енді жұмыс күні таңғы 9:00-дің орнына 8:30-да басталады. Сонымен қатар түскі үзіліс ұзақтығы 1 сағаттан 1,5 сағатқа дейін ұзарды. Кейбір қызметкерлер үшін келісім бойынша икемді жұмыс кестесі енгізілді.

Әкімдік депутаттардың бастамасымен жеке компаниялардың кеңсе қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеу форматына көшіру мүмкіндігін қарастырып отыр. Дегенмен, түпкілікті шешімді әрбір компания өзі қабылдайды. 

Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің де бір бөлігін қашықтан жұмыс істеуге көшіру мәселесі қаралуда. Қазақстан заңнамасына сәйкес, қызметкерлердің 30%-дан аспайтын бөлігі ғана қашықтан еңбек ете алады.

Көлік жүктемесін азайту мақсатында студенттердің де оқу кестесіне өзгеріс енгізу ұсынылды. Жоғары оқу орындары мен колледждердің бір бөлігі сабақтарын сағат 8:00-де бастаса, қалғандары 10:00-де бастайды.

Әкімдіктің айтуынша, бұл 637 мыңнан астам студенттің қозғалыс ағынын бөліп, жолдардағы қарбаласты жеңілдетуге мүмкіндік береді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!