Фото: Александр Павский / Kazinform
KAZINFORM — Алматыда Саин көшесін ұзарту жұмыстары осы жылдың екінші жартысында аяқталмақ.
Саин көшесін Рысқұлов даңғылынан Мөңке би көшесіне дейін 3,2 шақырымға ұзарту жұмыстары 2019 жылы басталды.
Алайда жекеменшіктегі жер учаскелерін мемлекет мұқтажына алу жұмысының баяу жүруіне байланысты жобаның толық жүзеге асуы 2023 жылға, кейін 2024 және 2025 жылға шегерілді.
Алайда былтыр алматылықтар көптен күткен көше бөлігі қайтадан қолданысқа берілмеді. Себебі соңғы жер учаскесі 2025 жылдың қазанында босатылған.
Жалпы көшенің бұл аумағын ұзарту үшін 66 жер телімі сатып алынды.
Kazinform агенттігінің сауалына жауап берген Алматы қаласы жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы көше ашылуы бойынша мерзімді нақтылады.
Ведомство мәліметінше, құрылыс-монтаж жұмыстарының аяқталу 2026 жылдың қыркүйекке жоспарланған.
Қазір жоба 70%-ға орындалған. 3,2 шақырымдық жолдың 1,8 километрінде асфальтбетон жабыны төселген.
— Жұмыс қарқыны 110 кВ электр беру желілерін қайта орналастыру қажеттілігіне байланысты технологиялық шектеулермен тежеліп отыр. Оның ішінде жылу беру маусымында қолданыстағы 110 кВ желілерін ажыратудың мүмкін еместігі бар. Аталған шектеулер жертөсемінің негізін салу, жол жамылғысын төсеу, сондай-ақ 5 жерүсті жаяужүргінші өткелін салу жұмыстарына әсер етеді, — деп хабарлады басқармадан.
Саин көшесінің ұзарытылатын бөлігіне Kazinform фототілшісі барып, жолдың қазір жай-күйін көріп қайтты.
Байқағанымыздай, бұл аумақта қазір әртүрлі техника тұрғанымен, нақты жұмыстар істеліп жатқан жоқ.
Аумақта бұзылған құрылыстардың бөліктері мен қоқыс көп. Көше толық аяқталмаса да, мұнда жүретін көліктер аз емес.
Мөңке би жағынан асфальт төселген бөліктен кейін жүргізушілер біраяқ жолдармен Рысқұлов көшесіне амалдап шығып жүр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!