Фото: freepik.com

KAZINFORM – Алматыда ЖРВИ мен тұмау аурулары бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бұл туралы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова айтты.

Оның айтуынша, мегаполисте жіті респираторлық вирустық инфекциялармен (ЖРВИ) сырқаттанудың маусымдық өсуі байқалады. Өткен аптада тұмау мен ЖРВИ-дің 10914 жағдайы тіркелген. Алайда бұл өткен жылдың ұқсас кезеңіндегі көрсеткіштерден 22,8%-ға төмен (13799 жағдай). Ауру жұқтырғандардың басым бөлігі балалар – 54,8% (5979 жағдай).

– Осы жылдың оныншы аптасында қаланың 149 мектебінің оқушылары арасында ЖРВИ жұқтырудың 445 жағдайы тіркелді. Оқушылар қысқы демалыста. Одан бөлек қалада А/H3N2 типті тұмау вирусы, сондай-ақ риновирус, РС вирус, парагрипп, аденовирус, метапневмовирус және маусымдық коронавирус сияқты басқа да тұмауға жатпайтын ЖРВИ вирустары айналымда бар, – деді Әсел Қалықова.

Департамент өкілі емханаларда температурасы бар науқастар бөлек қабылданатынын атап өтті. Ал шақыруларды қабылдау және ЖРВИ, тұмау ауруымен ауыратындарға көмек көрсету үшін қосымша телефон мен автокөліктер бөлінген, кезекші дәрігерлердің жұмыс істеу кестесі ұзартылған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!