Қызылорда қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы облыстық Аналар кеңесінің 2025 жылғы қорытынды отырысы өтті. Шараға «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Каримова, облыстық неміс орталығының төрағасы Ирина Шек, облыстық және аудандық Аналар кеңестерінің төрағалары мен мүшелері, сондай-ақ арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Жиынды Аналар кеңесінің төрағасы Айгүл Мұсабаева жүргізді.
Модератор қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, Сыр өңірінде аналар институтын дамытуға үлес қосып жүрген барлық аналарға алғысын жеткізді. Биыл облыс бойынша Аналар кеңестері құрамында 143 мүше жұмыс істегені атап өтілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» атты ХХХІV сессиясында айтқан Қазақстан халқы Ассамблеясының ел бірлігін нығайтудағы рөлі туралы сөзіне тоқталған модератор, осы бағыттағы жұмыстарды ілгерілетуде Аналар кеңесінің орны ерекше екенін атап өтті.
2025 жылы Аналар кеңесі отбасылық құндылықтарды нығайту, ұлттық тәрбиені дәріптеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізді. Кеңес жоғары және арнаулы оқу орындарымен, сондай-ақ «Дағдарыс», «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету», «Отбасы қолдау» орталықтарымен бірлескен жобаларды іске асырды.
Аудан, қала деңгейінде «Салауатты сана», «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «Сарбаздар анасы» республикалық және жергілікті жобалары жүзеге асты. Сонымен қатар облыстық Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен Республикалық Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Баян Ахатайдың қатысуымен кеңестің кезекті отырысы және «Адал еңбек – нәзік жандар» тақырыбындағы дөңгелек үстел өткізілді.
«Айналайын» жобасы аясында №31 «Алтын кілт» балабақшасында «Әжемнің сөзі – ақылдың көзі» атты танымдық шара өтті. Сондай-ақ Халықаралық отбасы күні мен Ассамблеяның 30 жылдығына орай «Ұлттық құндылық – отбасы тірегі» салтанатты іс-шарасы және «Ақ орамал» акциясы ұйымдастырылды.
Осы жылы Ауғанстаннан әскер шығарылғанына 36 жыл толуына орай «Патриот болу парызың» форсайт алаңы, «Бірлігіміз – әралуандықта» жобасы аясында «Әжемнің ертегісі» облыстық фестивалі өтті. Фестивальге өңір аудандары мен Қызылорда, Байқоңыр қалаларынан әжелер мен немерелер қатысып, арнайы номинациялармен марапатталды.
Байқоңыр қаласында «Аялы әже», Арал ауданында «Әже – ұлт ұйытқысы, тәрбие бесігі» атты форумдар ұйымдастырылды.
Жаңақорған аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Құралай Мақұлбекқызы Қарағанды қаласында өткен «Нашақорлық – тұрақтылыққа төнген қатер» атты республикалық семинарға қатысып келді. Жалағаш аудандық «Ұлағатты аналар» ансамблі Алматыда өткен «Өнерлі елдің өресі биік» республикалық байқауында және Байқоңырдағы VIII «Халық достығы» халықаралық фестивалінде бас жүлде иеленді.
Жыл көлемінде қала және аудандарда 100-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, 4 мыңға жуық адам қамтылды.
Жиын барысында Қазалы аудандық Аналар кеңесінің мүшесі, М.Горький атындағы №16 мектеп-лицейдің психологы Әлия Тілеуқабылова және Байқоңыр қалалық Аналар кеңесінің мүшесі, №25 «Бөбекжай» балабақшасының тәрбиешісі Жазира Садыкова өздерінің жыл бойғы атқарылған жұмыстары туралы баяндама жасады.
Отырыс соңында Аналар кеңесінің жыл үздіктері марапатталып, қатысушыларға алғыс білдірілді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!