Референдум не үшін өтеді? Ата заңға қандай өзгерістер енеді? Мұны қалың бұқара білуі керек. Бүгінде жұртшылықпен өтіп жатқан кездесулер дені осы тақырып аясында өрбуде. Қарапайым халық референдум туралы естіп жүргенмен, кейбірі оның мән-маңызына бойлай бермейтіні рас. Айтулы кездесулер референдум туралы ақпаратты кеңірек түсіндіру үшін қажет.

Мұндай жиын Қызылордада Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен өтті. Достық үйінің кіреберісінде «Әжелер» және «Сударушки» ансамбльдерінің мүшелері қатысушыларды әсем әуен аясында қарсы алды. Фойеде орналасқан «Суреттер сыр шертеді» тақырыбындағы фотокөрмемен танысты.

Жиынның қонағы республикалық іскер әйелдер қауымдастығының Президенті, профессор, социология ғылымдарының докторы Раушан Сарсембаеваға ақ орамал сыйға тартылып, бата берілді.

Модератор өңірлік Аналар кеңесінің төрайымы Рахима Ахметова ел тағдырын айқындайтын маңызды кезеңге халық болып жұмылуға шақырды. Мұнан соң Славяне эмб белсендісі Никита Мясцовтың орындауына «Родина моя» әні шырқалды.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Баймырза Қожамберлиев, «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы, облыстық мәслихат депутаты Сәрсенкүл Бихожа, Абылай хан атындағы №140 қазақ мектебінің директоры, қалалық мәслихат депутаты Айгүл Мұсабаева, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасары Ирина Шек, Ж. Нұрманов атындағы №198 мектеп директоры, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Анжела Садықбекова, Қызылорда облысының «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің өңірлік өкілдігінің төрайымы Елена Пак Ата заңға енгізіліп жатқан өзгерістер төңірегінде ой бөлісіп, пікір алмасты.

Спикерлер референдумның маңызына тоқталып, әр баптың өзгерісіне жеке-жеке тоқталды. Атап айтқанда суперпрезиденттік басқару формасынан түпкілікті бас тарту, Президент туыстарының квазимемлекеттік сектор мен мемлекеттік қызметте басшылыққа тағайындалмайтындығы жөніндегі өзгертулерге кеңінен түсініктеме берді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!