Бүгін Орталық Азияның Еуразия қорының қолдауымен «Өмірлік мақсат» бағдарламасы аясында «Қызылорда өңіріндегі мүгедектігі бар әйелдер мен ерекше баласы бар аналардың қауіпсіз, қолжетімді үйге қол жеткізуін қолдау» жобасы бойынша ақпараттық-кеңес беру шарасы ұйымдастырылды.
Жиынға «Отбасы банк» қызметкері Бисен Арман Берікболұлы, Қызылорда қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мүгедектігі бар балаларға үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Жәнібекова Лаура Серікқызы, «Отбасын қолдау орталығының» әлеуметтік жұмыс маманы Қорғанова Гүлбахор Қорғанқызы, жоба психологі Дарібаева Сәндігүл, жоба заңгері Исаева Жанат және мүмкіндігі шектеулі әйелдер мен ерекше баласы бар аналар қатысты.
Шара барысында кәсіби мамандар қатысушыларға тұрғын үй кезегіне тұрудың тәртібі, талаптары мен құқықтық негіздері жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар мүгедектігі бар жандар мен ерекше баласы бар аналарға арналған мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалар мен оларды қолдау тетіктері және жеңілдіктер таныстырылды.
Жобаның негізгі мақсаты – мақсатты топ өкілдерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, мемлекеттік қолдау құралдары туралы хабардарлығын күшейту және олардың қауіпсіз әрі қолжетімді тұрғын үйге қол жеткізу мүмкіндіктерін кеңейту.
Іс-шара соңында қатысушылар тақырыпқа сай сұрақтарын қойып, мамандармен пікір алмасып, жеке жағдайларына қатысты нақты кеңестер алды. Сонымен қатар, кездесуде жоба бенецифиарларының әрқайсысының кейстерінде кездесетін мәселелер бойынша жинақталған мағлұматтар мен жағдайлар мемлекеттік билік өкілдеріне шешім шығаруға жолданатын болады.
Жоба Орталық Азияның Еуразия Қоры (ФЕЦА), Citi қорының қолдауымен жүзеге асырылуда.
«Omirlik Maqsat» бағдарламасы әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетіп, ҮЕҰ арқылы көмек ұсынады, мүгедектігі бар әйелдерге оқыту және жұмыспен қамту мүмкіндіктерін береді, сондай-ақ құқықтық және психологиялық қолдау көрсетіп, баспанаға қолжеткізуді кеңейту үшін заңнамалық өзгерістерді ілгерілетеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!