Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

8-10 қарашада Ақмола облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты жол полициясы күшейтілген режимде жұмыс атқаруда, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы. 

Жолдарда көлік кептелісінің алдын алу үшін және апаттық жағдайларды болдырмау мақсатында полиция қызметкерлері үш автокөлік колоннасына ілесіп жүруді ұйымдастырды.

«Тәртіп сақшылары Астана-Петропавл және Астана-Ерейментау-Шідерті автожолдарында шамамен 500 жеңіл және 150 жүк көліктеріне ілесіп жүрді. Бұл шараларға 49 полиция қызметкері мен 24 патрульдік автокөлік тартылды», – деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаменті кеше аймақтағы қолайсыз ауа райына байланысты республикалық маңызы бар тоғыз және облыстық маңызы бар 22 жолдың жабылғанын хабарлады. 12 ауданда және Степногорск қаласында 22 блокпост қойылып, 12 мың адамға арналған 277 жылыту бекеті дайындалды. Бұл көмек ауа райының қолайсыздығынан қиындыққа тап болған 15 адамға, оның ішінде төрт балаға көрсетілді.

Полиция мен төтенше жағдайлар қызметі жол қозғалысына енгізілген шектеулерді ескеріп, жүргізушілерге  жолдардың жабылуы туралы ақпаратты назардан тыс қалдырмауды және жол жүру бағыттарын алдын ала түзетуді ұсынады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!