Фото: e-qazyna.kz

Жоғарғы Сот мәліметінше, Ақмола облысында шаруа қожалығының басшысы ауылдық округ аумағындағы жер теліміне қатысты конкурс қорытындысымен келіспей, сотқа жүгінген. Апелляциялық инстанция бірінші сатыдағы сот шешімін жойып, конкурс заң бұзушылықтармен өткізілгенін анықтады, деп жазады КAZINFORM.

2024 жылы шаруашылық басшысы Жалманқұлақ ауылдық округінде орналасқан жер учаскесіне 10 жыл мерзімге жер пайдалану құқығын беру жөніндегі конкурсқа қатысқан. Алайда конкурста жеңіліп қалып, жер комиссиясының шешімі мен Егіндікөл ауданы әкімінің қаулысына шағым түсірген.

Бірінші сатыдағы сот талапты қанағаттандырудан бас тартқанымен, апелляциялық сот істі қарап, бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады.

Сот мәліметінше, жер комиссиясы конкурсқа қатысқан алты үміткерге инвестиция көлемі үшін 20 ұпай және осы аумақта кемінде бес жыл тұрғаны үшін қосымша 10 ұпай берген. Конкурс жеңімпазы шынымен де жер телімі орналасқан ауылдық округтің тұрғыны болған.

Алайда қалған қатысушылар, соның ішінде талап қоюшы – аудан орталығында тұрған. Соған қарамастан, комиссия бұл үміткерлерге де заңсыз түрде 10 ұпай берген. Бұл жағдай конкурс нәтижесіне тікелей әсер етіп, жерді беру туралы заңсыз қаулы қабылдануына себеп болған.

Сондай-ақ сот комиссия отырысының себепсіз кейінге қалдырылғанын атап өтті. Хабарландыруға сәйкес, конкурс 2024 жылғы 16 қазанда өтуі тиіс еді. Алайда комиссия отырысы бір аптаға шегеріліп, бұл жөнінде ресми құжаттар мен бейнежазба ұсынылмаған. Бұған қоса, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінің комиссия құрамы бойынша ұсынған деректері өзара қайшы болған.

-Комиссия отырысының хаттамасы мен бейнежазбасының болмауы жер конкурс рәсімдерінің тиісті деңгейде ұйымдастырылмағанын көрсетіп, қабылданған шешімдердің заңсыздығын айғақтайды.

Осыған байланысты Ақмола облыстық соты мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың шешімінің, жер комиссиясының хаттамалық шешімінің және аудан әкімінің қаулысының күшін жойды, – делінген ақпаратта.

Сонымен қатар, жол берілген заң бұзушылықтар бойынша сот облыс әкімінің атына кінәлі тұлғаларға шара қолдану мақсатында жеке ұйғарым шығарды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!