фото: ЖИ арқылы жасалған

АҚШ-та танымал Hyundai Palisade отбасылық кроссоверінің автоматты орындықтарына қатысты қайғылы оқиға үлкен резонанс тудырды. Осыған байланысты Hyundai Auto Kazakhstan ресми дистрибьюторы сервистік науқанның басталғанын жариялады, – деп хабарлайды Tengri Auto.

Не болған?

Еске сала кетейік, оқиға 7 наурызда Огайо штатында болған. Алдын ала мәліметтер бойынша, 2026 жылғы Hyundai Palisade көлігінде автоматты орындық кенеттен іске қосылып, онда отырған баланы қысып қалған. Соның салдарынан 2 жастағы қыз тыныс ала алмай, мерт болған.

Бұл жағдай қоғамда кеңінен талқыланып, Hyundai компаниясы Солтүстік Америкада бұл модельдің сатылымын тоқтатты және жүйені тексеріп, жетілдіру үшін 69 мыңнан аса автокөлікті кері қайтарып алуды бастады.

Қазақстандағы тексерістер

Бұл жаңалық Қазақстанда да назардан тыс қалмады. Осы орайда автоблогер Қуандық Магзамов осындай механизмнің іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін тексеріп көрді.

Тексеріс барысында ол орындықтар жиналған кезде жүйе кедергілерді байқамай қалуы мүмкін екенін көрсетті. Бұл көлікті дұрыс пайдаланбаған жағдайда қауіпті жағдайлар тудыруы ықтимал.

Айта кетейік, Hyundai мәліметтері бойынша, Огайодағы өліммен аяқталған оқиғадан бөлек, компанияға орындықтар жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты кемінде 17 өтініш түскен. Бірнеше жағдайда жарақат алу деректері тіркелген – кем дегенде төрт адам зардап шеккен, алайда олар ауыр жарақаттар емес.

Бұған дейін де осындай шағымдар АҚШ-тың Жол қозғалысы қауіпсіздігі ұлттық басқармасының (NHTSA) базасында тіркелген. Атап айтқанда, жиналатын орындықтың жолаушыларды қысып қалған жағдайлары туралы хабарланған – бір оқиғада батырманың кездейсоқ басылып кетуінен адам орындық пен алдыңғы креслоның арасында қысылып қалған.

Бұдан бөлек, қайғылы оқиғаға дейін де қауіпті жағдайлар тіркелген: мысалы, пайдаланушылардың бірі жүйенің баланы қысып қала жаздағанын хабарлаған, бірақ ол кезде бұл мәселеге аса маңыз берілмеген.

Алайда соңғы оқиғадан кейін өндіруші жүйе қауіпсіздігін арттыру үшін бағдарламалық жасақтаманы жаңартуды жоспарлап отырғаны белгілі болды.

Қазақстандағы науқан

7 сәуірден бастап Қазақстанда Hyundai Palisade (LX3) иелеріне арналған сервистік науқан басталды. Сөз орындықтарды автоматты түрде жинау функциясының жұмысына қатысты бағдарламалық жасақтаманы жаңарту туралы болып отыр.

Компания мәліметінше, науқанға 500-ге жуық автокөлік ілігеді. Көлік иелеріне хабарламалар жіберілген, олар тексеру үшін ресми дилерлік орталықтарға жүгіне алады.

Қатысу үшін автокөліктің VIN-коды бойынша тізімде бар-жоғын нақтылап, кейін диагностикадан өту қажет. Қажет болған жағдайда бағдарламалық жасақтама жаңартылады (барлық жұмыстар тегін жүргізіледі).

Айта кету керек, науқанға Қазақстанға ресми дилерлік желіден тыс әкелінген автокөліктер де қатыса алады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!