Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform
Жас сарбаз қаруды ұстау ережесін сақтамау салдарынан жарақат алып, артынан қайтыс болған. Бұл ақпаратты Ақтау горнизонының баспасөз қызметі растады.
«2024 жылғы 7 қыркүйекте «Батыс» өңірлік қолбасшылығы бөлімшелерінің «Оймаша» полигонында өтіп жатқан жиын кезінде қаруды пайдалану ережелерін сақтамау салдарынан мерзімді әскери қызметші оқ жарақатын алып, қаза тапты», – делінген хабарламада.
Қазір қайғылы оқиғаның себебі анықталуда.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпараттар жариялауға жатпайды», – дейді Ақтау горнизонынан.
Сарбаз өліміне байланысты Қарулы күштер Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы мен жеке құрамы марқұмның туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.
Еске сала кетсек, таяуда Сарыөзек гарнизонында әскери қызметшіге абайсызда оқ тигені туралы хабарлаған едік.
Әскери қызметші қару-жарақ қолдану ережесін сақтамай, соның салдарынан оқ жарақатын алған.
Дереккөз: KAZINFORM
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!