Фото: Білім басқармасының баспасөз қызметі

АҚТАУ. KAZINFORM – Ақтауда теңіз жағалауындағы «Балдәурен» балалар демалысы базасында үш күндік шатырлы лагерь демалушыларды қабылдады. 

Білім басқармасының хабарлауынша, төрт ауысымдық лагерь 1-14 тамыз аралығында өтеді. Теңіз жағалауына киіз үй үлгісінде алты шатыр тігіліп, төрт мезгіл тамақ ұйымдастырылуда.

– Лагерьге дарынды оқушылар, экологиялық және туристік, өлкетану бағытындағы республикалық, облыстық іс-шаралардың жеңімпаздары, әлеуметтік қолдауға ие отбасының балалары, барлығы – 400 оқушы қамтылады. Лагерь бағдарламасына сәйкес, балалар өрттен, судан сақтану қауіпсіздік ережелерімен, картамен жұмыс істеу, кедергілерден өту, шатыр тігу, алау жағу, төтенше жағдайларда өз-өзіне қызмет көрсету дағдыларын үйренеді, – дейді білім басқармасының өкілдері.

Сондай-ақ демалушылар «Таза жағалау» экологиялық акциясына атсалысып, жағалауда тазалық жұмыстарын жүргізеді. 

Балалар лагерь аясында Қазақстанның ең терең ойпатында орналасқан, таңғажайып табиғаттың ерекше туындысы лабиринттер мен аркалардың әлеміне айналған «Ыбықты-Сай» шатқалына саяхатқа шығады. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!