Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform
«Ақтөбе» футболдан 2024 жылғы Қазақстан кубогының иегері атанды, – деп хабарлады Қазақпарат.
Кездесу барысында атыраулық команда алғашқы болып есеп ашты. Олардың қатарынан Николай Сигневич 24-минутта мергендік танытып, өз командасын алға шығарды. Бірінші кезеңде ақтөбелік клуб таразы басын теңестіруге ұмтылды. Дегенмен таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.
Екінші кезеңде ақтөбелік клуб ойын тізгінін қолға алуға тырысты. Соған қарамастан 88-минутқа дейін дегеніне жете алған жоқ. Сол сәтте бас төреші Данияр Сахи атыраулық команда тарапынан тәртіп бұзылуына байланысты олардың қақпасына пенальти белгіледі. Оны Әлібек Қасым мүлт жіберген жоқ. Арада бір минуттай өткенде Фредди Гондола мергендік танытып, «Ақтөбені» алға шығарды.
Осылайша ақтөбелік клуб қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсіп, өз тарихында 18 жылдан кейін кубокты төбесіне көтерді.
Ал, «Жеңіс» (Астана) пен «Астана» – 3, «Қайсар» (Қызылорда) мен «Ордабасы» (Шымкент) – 2, «Ертіс» (Павлодар), «Тараз», «Шахтер» (Қарағанды), «Восток» (Өскемен), «Ақтөбе», «Алматы», «Тобыл» (Қостанай), «Достық» (Алматы), «Елімай» (Семей) – 1 мәртеден кубок иегері атанды.
Осыған дейін футболдан Қазақстан кубогының финалы өтетінін хабарладық.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!