Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі
KAZINFORM – Ақтөбеде Наурызнама аясында «Ер Едіге» мектебі халықаралық мәдени жоба ұйымдастырды. Бастаманың мақсаты ұлттық халық ауыз әдебиетінің асыл мұрасы саналатын жыраулық дәстүрді сақтау, дамыту және жас ұрпақ тәрбиесіндегі рухани маңызын айқындау болды.
Іс-шара аясында 36 жыршы жырды бірінен соң бірі үздіксіз 24 сағат бойы орындап, ұлттық жыраулық дәстүрдің өміршеңдігін дәлелдеді. Бағдарламаға «Қырымның қырық батыры» эпикалық циклінің 31 000 жолдан тұратын 36 дастаны және «Пайғамбарлар қиссасы» енді. Жырлау көне дәстүрлі құрылым бойынша жүргізіліп, орындаушылар бір-бірінен іліп әкету тәсілі арқылы эпостың үздіксіздігін сақтады.
Жыр жобасына Азия мен Африка елдері бойынша GBR әлемдік рекордтар кітабының өкілі жоба нәтижесін ресми түрде тіркеді. Нәтиже талаптарға сәйкес расталып, жоба әлемдік рекордтар тізіміне енді.
Іс-шара қазақ халқының ғасырлар сүзгісінен өтіп, атадан балаға мирас болып келе жатқан жыраулық өнерін жаңғыртуға және оны дүниежүзілік деңгейде насихаттауға бағытталды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!