Ақтөбеде локомотив депосының екі қызметкері өндірістегі жарылыс пен өрт салдарынан көз жұмды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қайғылы оқиға 26 маусымда Ақтөбе локомотив жөндеу депосында болған. Алайда бұл туралы ақпарат бүгін ғана жария болды. Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан цехта жарылыс болып, арты өртке ұласқан.
2000 және 1989 жылы туған екі жұмысшы күйіп қалып, Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілген.
«Зардап шеккендерге толық көлемде медициналық көмек көрсетілді. Алайда жарақаттарының ауырлығына байланысты оларды құтқару мүмкін болмады», – деді Ақтөбе облысының Денсаулық сақтау басқармасы өкілі.
Ақтөбе облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы мәліметінше, зардап шеккендердің бірі есін жимастан 30 маусымда қаза тапқан. Екінші жұмысшы 1 шілдеде көз жұмған.
«Оқиғаны тергейтін арнайы комиссия құрылды. Екі жұмысшының қаза тапқаны расталғаннан кейін комиссия құрамына өзгерістер енгізіліп, комиссия төрағасы ретінде департамент басшысы тағайындалды», – деп нақтылады мемлекеттік орган өкілі.
Қаза тапқандардың бірінің артында кәмелетке толмаған бес баласы қалды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!