Арал қаласында «Geopark Aral – аймақтың өсу нүктесі: геомұрадан тұрақты болашаққа» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Шара туризмді дамыту, өңірдің геологиялық, тарихи және мәдени мұрасын сақтау мен оны ЮНЕСКО геопарктері желісіне енгізу бағытындағы маңызды қадам болды.

Іс-шараға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ардақ Зебешов, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы, Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев, ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының бас хатшысы Жанар Шайменова, «Аралды құтқару халықаралық қоры» Атқарушы дирекциясының директоры Серікәли Мұқатаев, сондай-ақ шетелдік және отандық сарапшылар, ғалымдар мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Конференцияның басты мақсаты – Арал өңірінің геомұрасын сақтап, экологиялық туризмді дамыту және аймақтың әлеуетін арттыру арқылы ЮНЕСКО-ның жаһандық геопаркі мәртебесін алу бағытындағы бастамаларды талқылау.

Аралда «Geopark Aral» жобасы аясында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті

Іс-шара шеңберінде Арал қаласына арнайы келген шетелдік және республиканың түкпір-түкпірінен жиналған делегация мүшелері өңірдің тарихи тамыры мен мәдени болмысын тереңінен танып білді. «Балықшылар» аллеясында жыраулар делегацияны арнайы терме-жырлармен қарсы алып, оларды жергілікті брендтік өнімдер мен экологиялық таза тауарлар көрмесімен таныстырды. Бұдан соң, балықшылық кәсіптің тарихын арқау еткен театрландырылған қойылым ұсынылып, қонақтар балық сорпасынан дәм татты. Аралдың теңіз тарихына арналған «Балықшылар» музейіне арнайы барып, аймақтың өткені мен бүгінінен сыр шертетін жәдігерлермен танысты.

Конференция барысында геотуризмді дамыту, геомұраны сақтау, халықаралық ынтымақтастықты күшейту және тұрақты даму жолындағы ғылыми зерттеулерді кеңейту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, ЮНЕСКО геопарктерінің желісіне кіру талаптары мен стратегиялық жоспарлар жан-жақты сараланды.

«Geopark Aral» – Арал өңірінің табиғи байлығын жаһандық деңгейде танытып, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға және болашақ ұрпаққа құндылық ретінде қалдыруға бағытталған маңызды бастама. Ауқымды конференция осы жолда жасалған тағы бір нақты әрі нәтижелі қадам болды.

Аралда «Geopark Aral» жобасы аясында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!