Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық жобасы аясында Қызылорда облысының Арал ауданында санитарлық тазалықты сақтау, абаттандыру және тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Соңғы жылдары аудан аумағында қолға алынып жатқан ауқымды жобалармен қатар құрылыс жұмыстары да қарқынды жүруде. Олардың дені бүгінде халық игілігіне пайдалануға берілді. Сонымен қатар, бюджет қаражаты есебінен Арал қаласындағы көпқабатты тұрғын үй, кіре беріс қақпа күрделі жөндеуден өтіп, жаңаша кейіпке енді.
Соңғы үш жылда 104,0 млн. теңгеге қаладағы көппәтерлі 6 тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Соның ішінде тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында 16 пәтерлі тұрғын үйді жөндеу жұмыстары биыл аяқталып, пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, қаланың кіре беріс қақпасын қайта жаңғыртуға
15 млн. 700 мың теңге қаралып, ескі қақпаның сыртқы бөлігі қайта жаңартылды. Жарық шамдары қайта орнатылып, қазақы оюмен әрленді.
Ауданға қарасты елді мекендер ішінде санитарлық тазалық пен абаттандыруға мән беріп, тұрғындар үшін жайлы өлкеге айналған үлгілі елді мекендер қатарында Аманөткел ауылы алғашқылардың бірі болып аталады. 2024 жылы аймақта өткен «Үлгілі елді мекен» конкурсында «Үлгілі ауыл» номинациясы бойынша III орын иеленді.
Ауыл халқының негізгі кәсібі балық және мал шаруашылығы болып табылады. Қазіргі таңда, заманауи тенологиямен тамшылатып суару арқылы егін шаруашылығы қарқынды дамуда.
Тоғыз жолдың торабында орналасқан елді мекеннің 5 көшесіне асфальт жолдары төселген және 7 көшесіне түнгі жарық шамдары орнатылған. Әлеуметтік-экономикалық дамуы, өсу қарқыны, географиялық орналасу жағдайына орай келешегі де бар.
Елді мекендегі 7 мыңға жуық қаратал, терек және жеміс-жидек ағаштары бар саябақ бүгінде ауыл тұрғындарының демалыс орнына айналған. Орталығындағы «Тағзым» алаңы мен «Нұртуған» кесенесі аумағына отырғызылған 300-ден астам терек, қаратал ағаштары күтіп бапталуда.
Биылғы жылы елді мекендегі әлеуметтік нысандардың аумақтары толық абаттандырылып, барлығы 1000-ға жуық ағаш көшеттері егілді.
2025 жылы Арал ауданындағы республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары бойында жасыл белдеулер құру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген.
Осыған сәйкес, Аманөткел елді мекеніне кіре беріс автомобиль жолының бойында аумағы 0,5 гектарды құрайтын жасыл белдеу құру жоспарлануда.
Онда 200 түп терек және қара тал ағаштары отырғызылды. Жоба 2025-2026 жылдың көктем және күз айларында демеушілік есебінен жалғасын табатын болады.
Қазіргі таңда қаладағы тарихы және архитектуралық сәулеті жөнінен ескі ғимарат саналатын Арал теңізі станциясының вокзал ғимараты күн тәртібінде тұр. Ғимарат мемлекет меншігіндегі тарихи-мәдени нысан саналғандықтан оның құрылыс жұмыстарын жүргізу алдағы уақытта нақтыланатын болады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!