Шығыс Қазақстанда археологтар шамамен 7 мың жыл бұрын жерленген адам сүйегін тапты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Наука арнасына сілтеме жасап.
Ежелгі қабір Көкентау тауының етегіндегі Көкен қонысынан, қола дәуірінің мәдени қабаттарының астынан анықталған. Радиокөміртекті талдау бұл Қазақстан аумағындағы ең көне адам жерлеуі екенін дәлелдеді. Ол ерте неолит дәуіріне, яғни егіншілік пен мал шаруашылығы қалыптаспай тұрған кезеңге жатады.
Зерттеуді профессор Паола Думани-Дюпюи, ғалым Жұлдыз Ташманбетова және академик Зейнолла Самашев жетекшілік еткен халықаралық ғылыми топ жүргізді.
Археологтар сопақша шұңқырдан екі адамның сүйегін тапқан: бірі – оң бүйірімен, тізесін бүгіп жатқан ересек адам, екіншісі – жасөспірімнің бас сүйегі. Ғалымдар мұны ежелгі дәуірге тән ритуалдық рәсім деп түсіндіреді. Радиокөміртекті сараптама нәтижесі бойынша жерлеу жасы б.з.д. 5471-5222 жылдар аралығында.
Қабір жанынан жануар сүйектері, күл мен қыш ыдыс қалдықтары табылған. Бұл аймақтың мыңдаған жылдар бойы үздіксіз қоныстанғанын көрсетеді. Сонымен қатар, археологтар тас құралдар мен призмалық нуклеустар тапқан. Бұл ежелгі адамдардың құрал жасау технологиясының жоғары деңгейде болғанын дәлелдейді.
Зерттеушілердің айтуынша, Көкен табылымы Сібір мен Орталық Азияның неолит дәуіріндегі мәдениеттерімен тығыз байланысты және қазақ даласындағы алғашқы тұрақты немесе жартылай тұрақты өмір салтының болғанын көрсетеді.
«Көкен — Орталық Азия мен Сібірдің мәдени және генетикалық кеңістіктерін байланыстыратын, болашақтағы көшпелі өркениеттердің бастауын көрсететін маңызды жаңалық», – деді Зейнолла Самашев.
Қазіргі уақытта қазба жұмыстары жалғасуда. Ғалымдар одан да терең қабаттардан мезолит дәуіріне жататын іздер табылып, өңірдің ежелгі тұрғындарының өмірін тереңірек зерттеуге мүмкіндік туады деп үміттенуде.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!