Sputnik. Қостанай облысы Арқалық қаласында тойға барған 82 адам аурухана төсегіне таңылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Арқалықта 60 жастық мерейтойға барған 85 адам астан уланып қалды, 82-сі ауруханаға жатқызылды. Олар 20 қазанда Арқалық өңірлік ауруханасына, Жангелдин аудандық ауруханасына және Қостанай облыстық ауруханасына жүгінген.
«Науқастар іштің өту, дене қызуының жоғарылауы және жалпы әлсіздік белгілеріне шағымданған. Барлық науқастар дер кезінде ауруханаға жатқызылды», – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Санитариялық авиация желісі арқылы жұқпалы аурулар дәрігерлері, терапевттер және педиатрлардан құралған мамандар бригадасы жіберілді. Қостанай облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Торғай өңіріне шығып, оқиға орнында медициналық көмекті үйлестіру жұмыстарын жүргізуде, дейді басқарма.
Бүгінгі таңда науқастардың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланады. Барлық науқастарға бекітілген клиникалық хаттамаларға сәйкес қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Қазіргі уақытта:
- Жангелдин ауданында – 26;
- Арқалық қаласында – 52;
- облыстық ауруханада – 4 науқас жатыр.
Барлығы 82 науқас стационарлық ем қабылдап жатыр.
«Жангелдин ауданында және Арқалық қаласында науқастарды қабылдауға жеткілікті орын бар. Ауруханаларда орын жетіспейді деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», – дейді ведомство.
Дәрігерлер науқастар іс-шарада астан уланған деп болжап отыр. Қостанай облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы тергеу жүріп жатқанын айтты.
Микробиологиялық көрсеткіштерге тамақ өнімінің, ауыз судың, шайындылардың сынамаларын іріктеумен объектіге тексеру жүргізілді, жұмысшылар, жұмыстағы нәтижелер тексерілді.
«Тергеу барысында нысан күнделікті жұмыс істемейтіні, тек банкеттік іс-шаралар өткізетіні анықталды. Қостанай облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері объектінің қызметін уақытша тоқтату мен қызметкерлерін жұмыстан уақытша шеттету туралы қаулы шығарды», – дейді санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы.
Жаппай сырқаттану фактісі бойынша Арқалық қаласының әкімдігі мен құқық қорғау органдарына хабарламалар жолданды. Полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 304-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
