Қарағанды облысында «Қазақстан» шахтасындағы бес кеншінің өліміне қатысты іс бойынша сот үкімі шықты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға қалай, қашан болды?
Шахтадағы төтенше жағдай 2023 жылы 17 тамызда болды. Ол кезде көмір кәсіпорны «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі болды. Қазір шахта Qarmet компаниясының құрамында.
Оқиға кезінде жер астында 227 кенші болған. Кейінірек 222 адам жер бетіне шығарылды. Құтқарушылар жер астында қалған бес кеншіні іздеуге кірісті. 19 тамызда құтқарушылар қаза тапқан бес кеншінің де денесін тапты.
Сот үкімі
Сот «Қазақстан» шахтасындағы өрт және бес кеншінің қазасы бойынша Г., М., Т., Г.-ге қатысты істі қараған.
Г., М., Т., Г. (директордың өндірістік қызметті өндіру жөніндегі орынбасарының м.а., конвейерлік көлік учаскесінің бастығы және т. б.) абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзудің қауiпсiздiк қағидаларын бұзды деп айыпталған.
«Жол берілген жағдайлар салдарынан 2023 жылғы 17 тамызда жөндеу ауысымында «Қазақстан» шахтасының көмір конвейер еңісінде өрт болды. Өрт салдарынан бес кенші қаза тауып, он жеті кеншінің денсаулығына орташа және ауыр зиян келді», – деп жазылған хабарламада.
Г., М., Т., Г.-нің кішкентай балалары бар, бұл ҚК-нің 53-бабына сәйкес жеңілдететін мән-жай деп танылған. Яғни олар үшін жаза 4 жылдан аспауы керек. Сотталушылар бұрын сотталмаған.
Сот Г., М., Т., Г.-ға 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!