ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жайылым жерлерін әділ бөлудің жаңа тетігін әзірлеп жатыр. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі күні осы сұрақтарды шешудің бірнеше жолы қарастырылып жатыр. Негізі бұл жұмыстарды жергілікті атқарушы органдар жүйелі түрде ұйымдастыруы керек. Әр жергілікті жердің өз жүктемесі бар. Елді мекендерде мал басына жайылым жерлері жүктемесінен асқан жағдайда онда сол елді мекендерге шекарасын кеңейтіп, жайылым қосып береміз деп отырмыз. Екінші мәселе – игерілмеген 5 млн гектар жерді қайтару. Соның есебінен елді мекенге жақын жерлерді ескеріп, оларды елді мекен шекарасына қосып, бекітіп береміз. Одан кейін бір ауылда 500, 1000 қой немесе 100 жылқы ұстайтын үйлер кездеседі. Ал кейде бір ауылдың бар малын қосса 500 қой ғана шығады. Яғни, жаңағы бір ғана адам өзінің 500 қойын жайып жайылымды бірден тоздырады. Ол – әділетсіздік. Ондай азаматтарға біз «Ауылдан алысырақ жер берейік, орман қорынан болса да алыңыз, бақташы жалдауға мүмкіндігіңіз бар. Малды сол жаққа жайсаңыз елді мекен маңындағы жайылымды ауылдың адамдары түгел пайдаланар еді» деп айтып жатырмыз», – ол «Хабар 24» арнасына берген сұхбатында.
Алайда оның атап өтуінше, бұл да мәселенің толық шешімі емес көрінеді. «Қазір мысалы 3 шақырым радиусқа жетіп отырған жер ертең 5, одан кейін 10 шақырым болады. Ауыспалы жайылым жоқ. Айналдыра малды жая бергеннен жайылым жер тозады. Келесі жылы осы 3 шақырым радиустағы жерде шөп шықпай қалып, тұрғындар тағы 5-10 шақырымды сұрайды. Жайылым туралы заң бар. Ол жерде нақты ауыл әкімдерінің жауапкершілігі көрсетілген. Жайылым схемасын дұрыс ұйымдастыру керек.
Ата-бабаларымыздың тәжірибесіндегі көктеу, жайлау, қыстау, күздеу тәжірибелері болуы тиіс. Мұндай ауыспалы жайылымды ауыл әкімдері ұйымдастыру қажет. Ал бақылау жер инспекторларында болу керек. Ауыл әкімі дұрыс ұйымдастырмаса, онда оған ескерту беріп, одан кейін шара қолдану керек, болмаса әкімшілік айыппұл салынуы тиіс. Жалпы ауыл әкімдерінің жауапкершілігі болғанымен де бұл тетік толық жұмыс істемейді. Сондықтан қазір осы бағытта жаңа тетік әзірлеп жатырмыз», – деді Әбілхайыр Тамабек.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!