Жақында «Сыр жұлдыздары» академиясы №2 ғимаратының ұжымы мен оқушылары ашық аспан астында ән мен би, сурет пен шығармашылық тоғысқан ерекше кеш ұйымдастырды.
Іс–шараның бағдарламасы мазмұнды әрі қызықты өтті. Бейнелеу өнері үйірмесінің жетекшісі кішкентай қатысушыларға арт-терапия өткізіп, балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған түрлі тапсырма ұсынса, би үйірмесінің бишілері көрерменге әсем қойылым қойып, кештің көркін қыздырды.

Ал белсенді жастар гитараның сүйемелдеуімен жанды дауыста ән шырқап, жиналған жұртшылыққа ерекше атмосфера сыйлады. Ашық алаңдағы еркін форматтағы өнер кеші көрермендерді бір сәтке болса да күнделікті тіршіліктің қарбаласынан алыстатып, шығармашылық әлемге жетелегендей.
Мұндай кездесудің нәтижесі де жемісті болды. Шарадан кейін 40-тан астам оқушы академиядағы түрлі үйірмеге жазылып, өз қабілеттерін дамытуға ниет білдірді. Бұл – ұйымдастырушылардың басты мақсатының жүзеге асқанын көрсетеді.

Кеш соңында ата-аналар мұндай шаралардың балалар үшін маңызы зор екенін айтып, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. Ашық аспан астында өткен бұл шығармашылық кеш тек өнерді насихаттап қана қоймай, қоғам мен білім беру ортасының байланысын нығайтудың тиімді үлгісіне айналды.

Камилла Сағындықова
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!