Sputnik. Астанадағы Қазақстан президентінің орталығында 23-27 сәуір күндері «Astana Eurasian Book Fair – 2025» VIII халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтеді.
Бұл Орталық Азиядағы ең ауқымды мәдени-ағартушылық шаралардың бірі болмақ, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Astana Eurasian Book Fair – 2025″ көрмесіне Қазақстан, Ресей, Түркия, Испания, Иран, Өзбекстан, Португалия және Қытай елдерінен 70-ке жуық баспа, кітап сату, танымдық-ғылыми білім беру және полиграфиялық компания қатысады», – деп жазылған хабарламада.
Көрменің басты мақсаты – кітап оқуды дәріптеу, оқу мәдениетін қалыптастыру, кітап нарығындағы жаңа өнімдерді көрсету, баспа саласындағы заманауи технологияларды таныстыру және халықаралық әріптестікті дамыту.
Көрме аясында төмендегідей іс-шаралар өтеді:
- Балаларға, жасөспірімдерге және ересектерге арналған кітаптардың таныстырылымдары;
- Танымал жазушылармен және ақындармен кездесулер, автограф-сессиялар;
- Кәсіби кездесулер мен пікірталастар;
- Балалар алаңында кітап оқу, шеберлік сабақтары және шығармашылық кездесулер;
- Құнды сыйлықтар ұтысы.
Көрменің салтанатты ашылу рәсімі 23 сәуір күні, сағат 11:00-де өтеді. Оған мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал қаламгерлер мен шетелдік елшілер қатысады.
Көрме аясында дәстүрлі түрде «Жылдың үздік кітабы» байқауы келесі номинациялар бойынша өтеді:
- Жыл кітабы;
- Үздік дебют;
- Үздік көркем әдебиет;
- Нон-фикшн жанрындағы үздік кітап;
- Түріксойдың Гран-приі.
«Astana Eurasian Book Fair – 2025» кітап көрме-жәрмеңкесін «Фолиант» баспасы ұйымдастырып отыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!