Қазақстанда пиротехникалық бұйымдарды заңсыз өткізудің 75 фактісі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы 26 желтоқсандағы жағдай бойынша республика бойынша базарларға, дүкендерге және өзге де сауда орындарына, пиротехникалық бұйымдарды тасымалдаудың және сақтаудың заңдылығын тексеру үшін 400 рейд жүргізілді. Нәтижесінде пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сатудың 75 фактісі анықталды. Құқық бұзушылардан сертификатталмаған 1850 дана пиротехникалық бұйым тәркіленді», – деді Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әміржан Байғошев апталық брифингте.
Оның айтуынша, жаңа жыл мерекесі қарсаңында қоғамдық қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін республика аумағында 25 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сату фактілерін анықтауға және жолын кесуге арналған «Пиротехника» жедел-профилактикалық шаралары өтеді.

«Мысалы, 2022 жылғы 13 желтоқсанда Астанада «2ГИС» қосымшасы арқылы пиротехникалық бұйымдарды сату туралы хабарландыру табылды. Оны тексеру барысында 183 дана сертификатталмаған пиротехникалық бұйым тәркіленді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 196-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған және айыппұл салынды», – деді спикер.
Сондай-ақ 20 желтоқсанда Астана қаласындағы №77 мектеп-гимназиясының 5-сынып оқушысы Б. мектеп фойесінде петарда жарған. Тексеру нәтижесінде мектеп жанындағы дүңгіршектен 10 қорап сертификатталмаған пиротехникалық бұйым табылды, сатушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!