Астанада 61 құрылыс компаниясы тұрғын үйді заң бұзушылықпен сатқан. Оларға 49 млн теңге айыппұл салынды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

2025 жылдың басынан бері Астанада салынып жатқан тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлерді заңсыз сату деректерінің көптеп анықталғаны белгілі болды.

Жіберілген заң бұзушылықтар үшін 61 құрылыс компаниясы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы – 49 млн теңге.

«Әкімшілік ықпал ету шараларымен қатар, прокуратура үлескерлердің ақшасын заңсыз тарту бойынша алаяқтық схемаларды ұйымдастырған тұлғаларға қатысты қылмыстық қудалау бастады. Тергеу нәтижелері бойынша 5 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, олардың мүлкі тәркіленді», – деп жазылған қадағалау органының хабарламасында.

Ведомствоның мәліметінше, соттар прокуратураның 900-ден астам үлескердің мүддесін қорғау мақсатында берген 10 талабын қанағаттандырды. Сот шешімдері бойынша олардың пайдасына 11 млрд теңгеден астам қаражат өндіріліп, сондай-ақ 4 жер телімі қайтарылды.

Астана қаласының прокуратурасы азаматтарды тұрғын үйді құрылыс кезеңінде сатып алу кезінде ерекше сақ болуға шақырады.

Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңына сәйкес, салынып жатқан тұрғын үйді сату кезінде кез келген алдын ала келісімдерге, соның ішінде брондау, инвестициялау шарттарына, сондай-ақ алдын ала сатып алу-сату келісімшарттарына тыйым салынады.

Үлестік құрылыс аясында жылжымайтын мүлікті сатып алу жөніндегі мәмілелер тек қолма-қол ақшасыз түрде жүзеге асырылуға тиіс.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!