Фото: Астана әкімдігі
Елордадағы Astana Mall сауда-ойын сауық орталығында «Ұлы дала қолөнершілер керуен көші» республикалық жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп хабарлады KAZINFORM қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
— Тәуелсіздік күніне орай «Ұлы дала қолөнершілер керуен көші» жәрмеңкесін ұйымдастырып отырмыз. Мұндағы мақсат — отандық қолөнершілердің басын қосу, олардың жасаған дүниелерін көпшілікке ұсыну, ұлттық өнердің дамуына серпін беріп, қолөнер шеберлерін қолдау және тұрғындарға ерекше этномәдени атмосфера сыйлау. Сатылымға шығарылған дүниелердің бағасы — көпшілікке қолжетімді. Сондай-ақ жәрмеңке аясында ерекше қажеттіліктері бар балалар сән көрсетілімін өткізеді. Мақсат — оларды қоғамға бейімдеу. Бүгін басталған жәрмеңке үш күнге жалғасады, — деді ҚР «Хас Шебер» отандық өнімді дамыту қауымдастығының президенті Зиуар Жұманова.
— Бұл жәрмеңкеге Көкшетаудан келіп отырмын. Осы іспен 5 жылдан бері айналысамын. Негізінен бұл — пандемия уақытында хоббиден басталған кәсіп. Қазақи оюлармен өрнектелген тақия тігемін, қыз-келіншектерге арналған әшекей-бұйымдар жасаумен шұғылданамын. Бастысы бұл іс маған ұнайды. Жасаған дүниелерімді әлеуметтік желі арқылы және жәрмеңкелерде сатамын, — деді Жібек Сұлтанова.
Жәрмеңке сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін болады.
Мұнда келушілер еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған шеберлердің қолынан шыққан бірегей бұйымдарды көріп, ұлттық өнердің жандануына куә бола алады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!