Алматы гарнизоны Әскери сотының судьясы Ержан Абдуллин биылғы жылдың қаңтарында әскери бөлім маңында мал бағуға шыққан 24 жастағы Ерназар Қырықбаев пен астындағы атын атып тастаған 21 жастағы әскери қызметші Марк Злуняевқа үкім шығарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық сайтына сілтеме жасап.

Сот сотталушыны кінәлі деп танып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 451-бабы «Билігін асыра пайдалану» бойынша 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады.

Талдықорған қаласындағы әскери десант бөлімінің қызметкері Марк Злуняев сәрсенбі күні сот залынан бірден қамауға алынды.

Марк Злуняев жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді.

Екі тарап та соттың үкімімен келіспеген. Злуняевтің адвокаты әскери қызметкер Қаңтар кезінде «міндетін орындап, әскери бөлімді қорғады, сол үшін оны ақтау керек» десе, ал жәбірленуші жақтың адвокаты «істі билік өкілетін асыра пайдалану емес (451-бап), қасақана адам өлтіру бабы (99-бап) бойынша қарау тиіс еді» деген.

әрсенбі күні сотта жәбірленуші жақтың адвокаты артында әйелі мен бес баласы қалған марқұмның отбасына материалдық-моральдық шығын ретінде 65 млн теңге өндіріп алу бойынша азаматтық шағым түсіретінін де айтты.

24 жастағы Ерназар Қырықбаев қаңтардың бесінде Талдықорған қаласындағы әскери гарнизон шетінен өтіп бара жатқанда атымен қоса оққа ұшқан. Оны іздеп барған жұмысшыларға да жауынгерлер оқ атып, қол көтеруге мәжбүрлеген. Жауынгерлер «Тоқта!» деген бұйрыққа бағынбаған салт аттыны атып, жедел жәрдемге салып жібергенін айтқан. Туыстарына Ерназар Қырықбаевтың денесін бір аптадан соң ғана берген. Оқиғаны тексерген әскери прокуратура көп ұзамай-ақ «әскери қызметкерлердің ісінде қылмыстық сипат бар» деген тұжырым жасаған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!