Атырау облысында жылқы қырылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламаттың айтуынша, Исатай мен Құрманғазы ауданында бірнеше жылқының неден өлгені әзірге белгісіз болып отыр.
«Жылқының өлу себебін анықтау үшін 25 наурызда жергілікті ветеринарлар сынама алып, Ұлттық ветеринариялық референттік орталыққа тапсырды. Аталған орталық мамандары өлген жылқыда инфекциялық аса жұқпалы аурулар қатарына жататын анемия мен ринопневмонияның белгісі болмағанын анықтады.
Ал, ветеринария мамандары өлген жылқыдан паразиттік ауру белгілеріне ұқсас жағдайды байқаған. Сондықтан, облыстық ветеринариялық зертханаға паразиттік ауруды анықтау үшін сынама тапсырылды. Зерттеу нәтижесі қосымша хабарланады», -дейді Амангелді Саламат.
Оның айтуынша, бірнеше тұрғынның ауырған малына жергілікті ветеринарлар емдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Облыстық әкімдіктің шақыруымен Қазақ ветеринариялық ғылыми-зерттеу институты мен Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының мамандары 31 наурыз-2 сәуір аралығында аталған аудандарда сынама алып, зерттеу жұмыстарын жүргізеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!