Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

Атырауда бірнеше жыл бұрын құрылысы тоқтап қалған екі нысан бұзылып жатыр. Оның бірі – концерт залы, ал, екіншісі монша-сауықтыру кешенінің нысаны, деп хабарлайды KAZINFORM ақпараттық агенттігі.

Құрылысы аяқталмай қалған нысандарды бұзу «ARSM» ЖШС-ға жүктелген. Серіктестік директоры Абылайхан Ғазизовтың айтуынша, бұл жұмысты қарашада аяқтау жоспарланған. 

«Нысандарды бұзу кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Қазір монша-сауықтыру кешені ғимаратының 50%-ы бұзылды. Ал, концерт залының сыртқы күмбезі алынды. Енді жоғарыдағы металь конструкциясы бұзылуда. Бұдан кейін бетонды қабырғасын алу үшін Алматы қаласынан арнайы мамандар келеді. Өйткені, құрылысы бірнеше жылға тоқтап қалған ғимарат болғандықтан, аздаған қиындық туындайды. Кейін іргетасы алынады. Нысандарды бұзуға 20-ға жуық адам тартылды. Жұмысты тездету үшін 2 кран, 2 жүк тиегіш, 3 КамАЗ бен 2 ұзын тіркемесі бар көлік бөлінді», – дейді Абылайхан Ғазизов.

Атырау өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, бұзылып жатқан екі нысанның жер телімі біріктіріліп, кіреберісі домбыра пішіндес жаңа ғимарат салу көзделген. Домбыра үлгісіндегі ғимараттың бір қанатына – концерт залы, ал, екінші қанатына тарихи-өлке тану мұражайы орналасады. Концерт залы 1 200 орынға есептелген. 

Жаңа нысанның жобасын «Engineering Center Ltd» ЖШС әзірлеп жатыр. Жобалау жұмысы үшінші тоқсанда аяқталады. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!