Фото: pexels.com
Ішкі істер министрлігі «Айка тізімінің» шығу тегіне қатысты қызметтік тексеру жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, мәліметтердің шығу тегі, дұрыстығы және дербес деректер туралы ақпараттарды әлеуметтік желілерде тарату мән-жайлары жүргізіліп жатқан тексеру шеңберінде белгілі болады.
«Қазіргі уақытта қылмыстық кодекстің 309-бабы, “Жезөкшелікпен айналысу үшін притондарды ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетай болу”, сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 296-бабы “Өткізу мақсатынсыз есірткі, психотроптық заттармен, олардың аналогтарымен заңсыз жұмыс істеу” бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпараттар жария етілуге жатпайды», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ ол қылмыстық кодекстің 147-бабы бойынша “жеке өмірге қол сұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының Дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу” дербес деректерді таратқандарға 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейтін қылмыстық жауаптылық барын ескертті.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда полицейлер қалталы азаматтарға эскорт қызметін ұсынып, “жеке” секс-кештер ұйымдастырды деген күдікпен 25 жастағы бойжеткенді ұстады. Ол ақшаға сексуалдық қызмет көрсетуге дайын келбетті қыздарды іздеп, бай клиенттерді тартумен айналысқаны және Отандық атақты адамдар мен бизнесмендер мессенджерлерде және әлеуметтік желілерде таратылатын «VIP сутенердің клиенттер тізімінде» болғаны анықталғаны туралы жазған едік.
Еске салайық, 6 маусымда Ішкі істер министрлігі Алматыда айналымы 209 миллион теңгеден асатын элиталық эскорт қыздардың «жабық» әлеуметтік желілері жойылғанын хабарлаған болатын. Осы әлеуметтік желілер арқылы, полицейлердің мәліметінше, Алматыда сұлу қыздардың қатысуымен интимдік қызмет көрсетіп, тек ауқатты еркектерге қызмет көрсететін «жеке» секс кештері ұйымдастырылған».
Іс бойынша басты айыпталушы – 25 жастағы алматылық әйел, тергеушілердің айтуынша, «ақша үшін жыныстық қызмет көрсетуге дайын сұлу қыздарды таңдаған, сонымен қатар ауқатты клиенттерді іздеген».
Тәртіп сақшылары атап өткендей, «сексуалдық бизнесті ұйымдастырушы өзінің Интернеттегі қызметін мұқият бүркеген» және «Instagram әлеуметтік желісінде өзін табысты модель және блогер ретінде көрсете отырып, 100 мыңнан астам аудиторияға ие болған».
Сонымен бірге полицейлер тінту нәтижесінде күдіктіден қылмыстық «бизнес» туралы жазбалар жазылған күнделік тәркіленгенін хабарлады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!