KAZINFORM – Бір кездері Парламент Мәжілісінде шетелдік компаниялар жергілікті автокөлікпен жүк тасымалдаушыларды нарықтан ығыстырып жатқаны жайында мәселе көтерілген еді. Кейінгі жылдары рұқсат бланкілеріне қатысты біраз пікір айтылып жүрді. Осы орайда, еліміздің компаниялары қазір нарықтың неше пайызын қамтып отырғанын анықтауды жөн көрдік.

Отандық компаниялардың үлесі 

2023 жылдың қорытындысы бойынша отандық тасымалдаушылардың халықаралық жүк тасымалдары нарығындағы үлесі 50% болса (2021 жылы – 31%, 2022 жылы – 43%), 2024 жылдың 9 айы қорытындысы бойынша 51 пайыз болды, – делінген Көлік министрлігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Ал, 2024 жылдың жалпы қорытындысы бойынша статистикалық мәліметтер енді дайын болады.

2025 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша елімізде 9 500 көлік компаниясы тіркелген және олардың 92 900 жүк автокөлігі бар. Соның ішінде шамамен 58 мыңы негізінен Қытай және Өзбекстан бағытында жүк тасымалдарын жүзеге асырады, ал алыс шетелге шамамен 2 400 көлік компаниясы 35 мыңнан астам автокөлік құралымен (соның ішінде тіркемелер/жартылай тіркемелер) тасымалдарды орындап келеді.

инфографика
Фото: Kazinform

Бұл ретте министрлік Қазақстанда шетелдік капиталдың қатысуымен жүк тасымалында неше көлік компаниясы бар екенін нақтылады. Кейінгі онжылдықта Қазастақстанда шетел капиталының қатысуымен (Германия, Латвия, Литва, Нидерланды, Түркия, Иран, Италия, Ресей, Белорусь, Пәкістан, Грузия) бірлескен 50 көлік кәсіпорыны тіркелген және олардың паркінде 1 964 автокөлік бар.

Осы бірлескен кәсіпорындар мен олардың автокөлік құралдары Қазақстанда тіркелген, сондай-ақ олар ел экономикасына инвестиция құйып, салық төлеп, қосымша жұмыс орындарымен қамтитын қазақстандық компаниялар ретінде саналады, – деп аталып өткен министрлік мәліметінде.

Рұқсат бланкілері

Елімізде 2025 жылдың 15 қаңтарынан отандық тасымалдаушылар үшін жүктерді халықаралық тасымалдауға жаңа тетік енгізілді.

Бұл тұрғыда халықаралық жүк тасымалына рұқсат беретін бланкілерді отандық көлік компаниялары арасында тиімді бөлу шаралары ескерілген бе? Бұл сауалға жауабында Көлік министрлігі шетелдік рұқсат бланкілерін (ШРБ) берудің жаңа әрі жетілдірілген механизмін әзірлегенін айтып отыр.

Жаңа тетік адами фактор мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алып тастауға бағытталған. Енді ШРБ алуға өтінімді қараудың барлық процесі толығымен автоматтандырылған. Тасымалдаушы E-license платформасы арқылы ШРБ алуға сұранысты толтыруы қажет. Қарау мерзімі 2 жұмыс күнінен 40 минутқа дейін, ал беру 8 күннен 1 күнге дейін қысқартылды.

Егер бұрындары бланк беру жүйесі тарихи ақпаратқа сүйене жұмыс істесе, мысалы өткен кезеңдегі тасымалдаушылардың жұмысын ескере отырып немесе халықаралық тасымалдауда жинақталған тәжірибесі бар компанияға берілген. Жаңа ережелерде тасымалдау тарихына және өткен кезеңдегі көліктің қаншалықты белсенді пайдаланылғанына ешқандай шектеулер жоқ. Қалауы мен тиісті рұқсаты бар кез келген адам бланк ала алады. Бұл қазақстандық тасымалдаушылар арасында неғұрлым бәсекеге қабілетті орта құруға мүмкіндік береді, – дейді ведомство мамандары.

инфографика
Фото: Kazinform

Бұдан басқа, енді тапшы бланкілерде компанияның атауы мен автомобильдің мемлекеттік нөмірі көрсетіледі.

Сондай-ақ, енді автомобильдердің кіру және шығу фактілерін тіркеу ҚР ҰҚК Шекара қызметінің «Бүркіт» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде ШРБ-ны көлеңкелі нарықта қайта сату үшін алғышарттарды жояды.

Тасымалдаушының жеке кабинетіне бланк туралы хабарлама келген сәттен бастап нақты ол бланкпен 30 күн ішінде шығуына болады. Ескі механизм бойынша бұл көрсеткіш 100 күн болған. Бұрын төлем екі тәсілмен жүзеге асырылған: екінші деңгейлі банктер арқылы немесе онлайн түрінде 5 жұмыс күніне дейін. Енді тек онлайн-төлем қарастырылған, ол 40 минут ішінде төленуі тиіс. Төлем туралы ақпарат электрондық үкіметтің төлем шлюзі арқылы түсетін болады, – деп нақтылайды министрліктен.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Әмриннің айтуынша, автомобильмен жүк тасымалдары 42 шет мемлекетпен жүзеге асырылады, ол үшін жыл сайын 350-400 мың көлемінде рұқсаттармен өзара алмасу жүргізіледі, оның ішінде 2024 жылы Қытаймен 230 мың рұқсат алмасу болған.

Өз кезегінде, уәкілетті орган мұндай шектеулердің халықаралық жүк тасымалы саласындағы көлеңкелі нарықты, яғни шетелдік рұқсат бланкілерін заңсыз алып-сатуды болдырмау мақсатында қабылданғанын атап өткен болатын. Дегенмен, бизнес-қауымдастық мұндай шаралар тасымалдаушылардың операциялық қызметінің икемділігін төмендетіп, логистикалық процестерді қиындататынын, бұл қазақстандық нарыққа, әсіресе шағын және орта бизнес үшін теріс әсер етуі мүмкіндігін атап өтті. Бұл ретте, жаңа Қағидалардың Қытайдан Еуропа, ЕАЭО және Орта Азия елдеріне жүктерді жеткізу қызметінің сұранысына байланысты ірі шетелдік компаниялардың нарыққа кіруіне қолайлы жағдайлар жасап, отандық тасымалдаушылардың едәуір санын қысқартуға ықпал етуі мүмкін қауіптер мен тәуекелдер туралы да айтылды», – деді М. Әмрин.

Мұрат Амрин
Фото: «Атамекен» ҰКП

Оның сөзіне қарағанда, Ұлттық палата Қағидалар шеңберінде шетелдік рұқсаттарды тасымалдаушылар арасында тиімді бөлу үшін тиісті әдістемені (заңды әрі ашық түрде) бекітуді ұсынып, осы Қағидаларға қатысты реттеушілік әсерге талдауды және бәсекелестік ортаның жай-күйіне бағалауды жүргізу қажет екенін бірнеше рет уәкілетті мемлекеттік органдарды ескерткен. Өйткені, қазақстандық тасымалдаушылардың ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің (Ресей мен Беларусь) аумағы арқылы жүріп өтуі үшін әкімшілік кедергілер туындап, олардың Еуропа елдеріне жүк тасымалдаулары тежелген болатын.

Бұған дейін «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Әмрин жаңа ереже аясында халықаралық жүк тасымалын жүзеге асыру үшін автокөліктің 30 күн ішінде елден шығуы кейбір жағдайларда мүмкін емес екенін айтқан. Ал бұл қағида іс жүзіндегі жағдайларға сай емес.

— Жүктер негізінен Ресей Федерациясы территориясы арқылы Қытайдан Еуропалық Одақ елдері бағытында тасымалданады. Санкцияға байланысты оның бір бөлігі қазір Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы өткізіліп жатыр. Атап өтерлік жайт, жаңағы айтқан 30 күн жүк көліктерінің елден шығып үлгеруіне жеткіліксіз. Ақтау портында, Каспий теңізінде қатты жел, дауыл соққанда, жүк тасымалына кедергі келтіреді. Қазір Құрық портында жүгін паромға қайта тиеп, теңізді асу үшін 1000-дай көлік тізіліп тұр. Онда 25 күндей кезек күтеді. Ал Қытай шекарасынан Құрық портына дейін 5 күнде жету мүмкін емес. Біз құзыретті органдарға қойылған талаптар кәсіпкерлердің жұмыс істеуіне кедергі келтіретінін ескертеміз, — дейді ол.

Еуропаға шығудағы кедергілер

Көлік министрлігі 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап отандық тасымалдаушылардың Еуропа бағытында тасымалдарын жүзеге асыру кезінде Ресей және Беларусь аумағы арқылы жүріп өту 6 автомобильдік өткізу пункті арқылы жүзеге асырылатынын (2024 жылғы 12 қаңтардан бастап 31 желтосқанға дейін қазақстандық тасымалдаушылар РФ пен РБ арасындағы тек 1 өткізу пункті арқылы өтетін) хабарлады.

Мұнымен қоса, ведомство Қазақстаннан автокөлікпен Еуропаға жүк жеткізу үшін балама бағдар қарастыру мәселесі бойынша түсінік берді.

Ресей мен Беларусьті айналып өтетін баламалы машрутты пысықтау жұмыстары да жүріп жатыр. Бұл баламалы бағдар Түрікменстан, Иран, Түркия аумақтары арқылы одан әрі Еуропа мемлекеттеріне шығуды көздейді. Бұл бағытта тасымалдарды жеңілдету мақсатында министрлік Түрікменстанмен автотасымалдарға рұқсатсыз жүйе орнату мәселесін пысықтап, 2024 жылғы 10 қазанда Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары жөніндегі үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойды (қазіргі кезде Хаттаманы ратификациялау жұмыстары атқарылып отыр). Сондай-ақ қазіргі уақытта Қазақстан мен Түрікменстан арасында жүргізушілер үшін визасыз режим орнату мәселесі пысықталып жатыр, – делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Ведомство ақпаратына қарағанда, Иранмен автокөлікпен жүк тасымалдарына жыл сайын жеткілікті көлемде рұқсат бланкілерімен алмасу жүргізіледі және жүргізушілер 15 күнге дейін визадан босатылған.

Түркиямен де жыл сайын автокөлікпен жүк тасымалдарына жеткілікті көлемде рұқсат бланкілерімен алмасу жүргізіледі және азаматтарға виза талап етілмейді, – деп аталып өткен Көлік министрлігі мәліметінде.

Жүк тасымалының өсімі

2024 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша автомобиль көлігімен экспорттық-импорттық қарым-қатынаста 22,9 млрд АҚШ доллары сомасына 6,6 млн тонна жүк тасымалданды. Жалпы, 2024 жылдың қорытындысы бойынша статистикалық мәліметтер әлі қорытындыланған жоқ.

Сонымен қатар ведомство Қытайдан Еуропаға баратын жүктердің ел аумағы арқылы транзитіне қатысты түсінік берді.

2024 жылғы 9 айда Қытайдан Еуропа бағытында Қазақстан аумағы арқылы автомобиль көлігімен 262 мың тонна транзиттік тасымал тіркеліп, 2023 жылмен салыстырғанда (106,1 мың тонна) 2,5 есе өсті және бұл көрсеткіштің одан әрі өседі, – делінген министрлік ақпаратында.

Атап айтқанда, бірнеше елмен автокөлікпен жүк тасымалдау келісімдеріне өзгеріс енгізілді. 2024 жылы автокөлік саласындағы 5 үкіметаралық келісімге түзетулер енгізілген хаттамаларға қол қойылды.

Армениямен арадағы келісімге енгізілген өзгерістер Қазақстан тасымалдаушыларын шамамен 100$ мөлшерінде экологиялық алымдарды төлеуден босатуға мүмкіндік береді.

Ал Қырғызстанмен келісімдегі өзгерістер «Кеген – Қарқыра» пунктінің жұмыс режимін 8 сағаттан 24 сағатқа өзгерту көздейді.

Өзбекстанмен арадағы келісімге де толықтыру енгізілді. Бұл тұрғыда екі өткізу пунктінің мәртебесі «екіжақтыдан» «көпжақты»деп өзгертілген. Өзбекстанмен арадағы келісімге енгізілген өзгерістер аясында Қазақстан тасымалдаушыларын жүк көтергіштігі 3,5 тоннаға дейінгі автомобильдер үшін өзбек рұқсат бланкілерін алудан босату көзделген.

Түрікменстанмен де келісімге өзгерістер енгізілді. Онда жүктерді екіжақты, транзиттік және үшінші елдерге тасымалдарға рұқсатсыз жүйе енгізу қарастырылған. Қазіргі уақытта аталған құжаттардың күшіне енуі үшін тиісті мемлекетішілік рәсімдер жүргізіліп жатыр.

Министрлік 2024 жылғы сәуір мен желтоқсан айларында өзбек және қытай тараптарымен электронды рұқсат бланкілерімен алмасу жүйесін, сондай-ақ ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Қытай және Өзбекстан шекараларында электрондық кезек жүйесін енгізді.

Сонымен бірге, Қытаймен шекарадағы «Нұр Жолы» өткізу пунктінің жұмыс уақыты тәулік бойына ауыстырылды, ал қалған өткізу пунктерінің жұмыс уақыты 2 сағатқа ұзартылған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!