Sputnik. Қазақстан Ауғанстан халқына жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен тұрғындарды қолдау мақсатында гуманитарлық көмек жөнелтті, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігі.
Мемлекеттік материалдық резервтен қажетті дәрі-дәрмектер, медициналық құралдар, төсек-жабдықтар, шатырлар және өзге де бірінші кезектегі қажетті заттар бөлінді. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккендерге білікті көмек көрсету үшін медицина қызметкерлері тобын жасақтап, жөнелтті.
«Гуманитарлық жүктің құрамына жалпы салмағы 18 тонна болатын 34 атау енгізілді. Жүк Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ұшағымен жеткізіліп, гуманитарлық көмек бүгін ауған тарапына табысталады», – деп жазылған хабарламада.
Гуманитарлық көмек «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігінің қолдауымен көрсетілді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
