Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан
KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Жетіарал ауылының мұғалімі 1 500-ден астам асықтан биіктігі 113 см-ге жететін торсық жасап шыққан.
Ертіс Шоқанов Тарбағатай ауданы Жетіарал ауылында дүниеге келген. Бала кезден сурет салуға құштар болған. Мектеп бітірген соң Семей мемлекеттік педагогикалық университетіне «көркем сурет және графика» факультетіне оқуға түскен. Бүгінде туған жеріндегі орта мектепте бейнелеу өнері және көркем еңбек пәндерінен сабақ береді. Жұмыстан тыс уақытта сурет салып, түрлі мүсіндер жасайды.
– Өскеменде Тарбағатай ауданының мәдени күндері өтетінін, онда көрме қойылатынын естідім. Соған өз үлесімді қосқым келді. Ойлана келе асықтан торсық жасауды ұйғардым. Әуелі ауданның әр түкпіріндегі мектептерден асық жинадық. Барлығы 2 мыңға жуық асық жиналды. Сөйтіп, жұмысты бастап кеттік, – дейді Ертіс Шоқанов.
Ең әуелі торсықтың қаңқасы құрылды. Ол 6 милиметрлік темірден иіліп отырып жасалды.
– Көбірек асық кетсін деп көлемдірек қылып алдым. Басында біраз қиыншылықтар болды. Оны қалай орнатамын, әрі уақыт жағы да тығыздау дегендей. Басында асықты тесіп отырып, темірге айналдырып тізіп құрамақшы болдым. Алайда жеңілдеу жолы табылды. Сыртын тормен орап алдым да асықты ыстық желіммен жабыстырамын деп шештім. Бірақ жалғыз істесем бұған енді біраз айналатын едім. Сондықтан қолынан іс келетін әріптестерімді көмекке шақырдым. Осылайша, 5 күннің ішінде торсықты жасап шықтық, – дейді мұғалім.
1 500-ден астам асықтан тұратын торсықтың биіктігі – 113 см. Асықтардың ішінен келетіндерін сұрыптап шығудың өзі оңай шаруа болмаған.
– Енді бұл торсықтың символдық мәні туралы айтып берсем. Ұсақ асықтар құралып отырып, бір үлкен торсыққа айналып отыр ғой. Яғни, береке-бірлік арқылы алынбайтын қамалдың жоқтығын, жұмыла көтерілген жүктің жеңілдігін, әр азамат елінің бір кірпіші болып қаланса Отанымыздың дамитынын жеткізгіміз келді. Оның үстіне өзіміздің ұлттық ыдысты насихаттаудың жолы. Асықтан құралуының өзі де бала кезіміздегі сүйікті ойынымызды өскелең ұрпаққа көрсетудің жолы, – дейді Ертіс Шоқанов.
Көрмеге қойылған торсыққа жиналған жұрт жоғары бағасын берген. Ұстаз өз сөзінде алдағы уақытта да қолөнер арқылы ұлттық ыдыс-бұйымдарды, қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін насихаттай беретінін жеткізді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!